«Олар жаны мен сүйегіне дейін патриот». Түркияға келін болған қазақ қызы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қыздардың біразы түрік сериалдарындағыдай махаббатты идеалдандыратыны жасырын емес шығар. Тәтті сезімнің әсерімен өзге ұлттың етегін ұстап, шетел асып кеткендер қаншама? Бірақ адамды ұлтқа бөлуге болмайды. Ең бастысы - оның адамгершілігінде. Бүгінгі кейіпкеріміз де осыны алға тартты. Түркияға келін болған Гүлназ Акар қазақ пен түріктің айырмашылығы көп емес екенін айтты.
Жолдасым екеуміз менің сол кездегі жұмысым емханада таныстық. Ол кезде Рамазан айы еді, ауызашарда дұрыс тамақтанбаған ол бізге уланумен түсті. Оны бізге менің танысым алдын ала хабарласып жазып қойған. Бір ай өткен әріптесімнің туған күнінде кездесіп, кейін араласа бастадық. Шаңырақ көтереміз деген шешімді 7 айдан кейін қабылдадық. Шынымды айтсам, ондайды мүлдем күтпеген едім. Себебі ол кезде біз келіспей қалып, араласпай жүрген едік. Кешірім сұрауға ол жүзігімен келді. Осылайша, қалай тұрмысқа шыққанымды сезбей де қалдым. Өзімнің туған-туысыма да қалай жеткізерімді білмей, дал болдым. Себебі олар «басқа ұлт, қазақ таба алмадың ба?» деп айтады деп қорықтым, - дейді Гүлназ.
Бірақ ол бар күш-жігерін жинап туыстарына жаңалығын айтады.
Барлығына айттық, ол кезде жолдасым «ЭКСПО-2017» компаниясында жұмыс істеп жүрген еді. Туыстарым жақсы қабылдады. Исмайыл да орыс пен қазақшаны білмей, барлығымен шала сөйлесіп, тіл тапты. Себебі түрікше қазақшаға аз да болса келеді. Басында екеуміз де солай араласатын едік. Кейін мен түрікшені үйреніп алдым, - дейді ол.
Кейін олар жұбайы екеуі жігіттің Отаны Түркияға көшіп кетеді.
Бір жылдан астам уақыт Түркияда тұрып жатырмыз. Себебі оның Қазақстандағы жұмысы аяқталды. Мен декреттік демалысқа шықтым. Өткен жылдың көктемінде ұлымыз дүниеге келді. Отасқанымызға 3 жыл болды. Стамбулдың жанындағы Ялова қаласында тұрып жатырмыз. Күйеуім жұмыс істейді, мен баламен үйде отырамын. Біздің үйіміз үлкен, өзінің жеке бақшасы бар. Теңіз жанымызда, ауа райы қолайлы. Қасымда ұлым мен сүйікті күйеуім болмағанда мұның барлығынан тез зерігіп кететін едім. Шағымдануға негіз жоқ. Тек туған-туысымның 6 мың шақырым алыста болуы ғана мұңайтады, - дейді Гүлназ Акар.
Оның айтуынша, қазақ пен түріктің дәстүрі де ұқсас.
Дәстүріміз ұқсайды, бірақ барлығы емес. Балам кішкентай болған соң, осы төңірегіндегі ұқсастықтарды байқадым. Оларда да қырқынан шығару, тұсау кесу, қалыңдықты өз үйінен шығарып салу сынды дәстүрлері бізге келеді. Көшкеніме әлі бір жыл ғана уақыт өтті, барлығын зерделеп үлгермедім. Олар қазақ халқы сияқты өте қонақжай және бауырмал, - дейді ол.
Жас келін сол жақтағы халықтың менталитеті туралы да айтып берді.
Менталитеті бойынша барлық жерде сияқты әртүрлі адам бар. Бірақ маған тек жақсы адамдар ғана кездесті. Өте қонақжай, үйлеріне кофеге шақырғанды жақсы көреді. Менің көршілерім өте балажан, әйелдер мен үлкендерді сыйлайды. Менің тағы бір байқағаным, олар жаны мен сүйегіне дейін патриот, заңды сыйлайды, - деді ол.
Гүлназ ата-енесімен қарым-қатынасы да жақсы екенін айтты.
Ата-анам маған өз қыздары ретінде қарайды. Оларда бізге қарағанда қарапайым, «бастысы жақсы адам болсаң, жетеді» деп отыра береді. Күйеуімнің 4 ағасы бар, отбасында мен үшінші келінмін. Бірақ жолым екі келіннен үлкен. Себебі ата-анам бізді көбірек жақсы көретін сияқты. Мен оларға ұлыммен жиі барып тұрамын, кетерде жылап қоштасамыз. Осы күнге дейін мені ешкім шетелдік деп қабылдамапты да. Олар тарихты жақсы біледі, «мен қазақпын» десем, «қазақтар да түркілер, біздің атамыз бір» деп отырады, - дейді ол.
Ол шетелдіктерге тұрмысқа шығу туралы кеңес бере алмайтынын айтты.
Мен шетелдіктермен кездесетін қыздарға ештеңе айта алмаймын. Себебі мен өзім шетелдікке шығуды мақсат еткен жоқпын. Тіпті, күйеуге шығу туралы да ойламаппын. Сондықтан «абай болыңдар» дейтін шығармын, себебі мәселе ұлтта емес, адамгершілікте. Адамға отбасы қайда болса, сол жақта жақсы деп ойлаймын. Себебі қоныс аударған кез келген адам жақындарын сағынады. Ал егер өмір сапасына келетін болсақ, әрине, бұл жақта өмір сүру әлдеқайда қолайлы, - деді Гүлназ Акар.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы