Олар - Отан қорғаушылар

Ақтөбе облысы, BAQ.KZ тілшісі.  7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөліміне барып, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгерлер мен әскери қызметшілерді әңгімеге тартқан едік. Әлқисса…

Мерекеде майор болды

Солтүстік Қазақстан облысының перзенті Нұртілек Ғалымжанов әскери қызметін Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінен бастаған. Қазір ол осы бөлімде батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып қызмет етеді. Биылғы мерекеде Ішкі істер министрінің бұйрығымен кезектен тыс майор шенін алды.

Мен Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы жоғары әскери училищені, сондай-ақ Ұлттық ұланның жоғары әскери институтын бітірдім. Еңбек жолымды осы әскери бөлімде бастадым. Бұған дейін әскери бөлімнің рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болдым. Қазір батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарымын, - дейді Нұртілек.

Ол бөлімде талап та, тәртіп те күшті екенін айтады.

 Жауынгерлер өз міндеттерін жауапкершілікпен орындайды. Ал биыл келген сарбаздарға әскери өмірдің қыр-сырын үйретіп жатырмыз. Әрине, басында қиын, дегенмен әскери өмірге тез үйреніп кетеді. Біздің әскери бөлімде барлық жағдай жасалған. Тәрбие мәселесі де жолға қойылған. Кеше ғана бөлімімізде облыс әкімдігі мен әскери бөлім арасындағы өзара іс-шаралар жоспарына сәйкес жарыс өткізілді. Сондай-ақ мереке қарсаңында облыстағы колледж оқушылары бөлімге келіп, әскерилердің күнделікті өмірімен танысты, — дейді Ғалымжанов.

Кейіпкеріміз әскери қызметте еңбек ету оңай емес екенін айтады. Мұнда жауапкершілік зор, талап қатал, босаңсуға болмайды. Бүгінге дейін сарбаздардың  әскери тәртіпке бағынып, борыштарын адал атқаруына басшылық жасап, қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуына зор үлес қосып жүрген Нұртілек жас та болса көптеген жетістікке қол жеткізген.

Мәселен, ол «Батыс» өңірлік қолбасшылығының «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі», «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткені үшін», «Ұлттық ұланның 20 жылдығы», төсбелгілермен марапатталған.

Биыл Қарулы күштердің 30 жылдығына орай облыс көлемінде іс-шаралар өтіп жатыр. Аталған шараларға бөлім сарбаздары атсалысып, өнерлерін ортаға салып, спорттық жарыстарға қатысуда. Және биылғы мерекенің мен үшін орны бөлек. Себебі 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай Ішкі істер министрінің бұйрығымен кезектен тыс майор шенін алып жатырмын. Қуанышымда шек жоқ, — деді ол.

«Мал дәрігері боламын...»

Сәбит Бектұрғанов, қатардағы жауынгер, 24 жаста: 

Мен әскер қатарына былтыр Батыс Қазақстан облысынан алындым. Қазір №6655 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды өтеп жатырмын. Әс­кер шың­далу мектебі десем, артық емес. Осы уа­қыт аралы­ғын­да көп нәрсені үйреніп, мол тә­жірибе жинақтадым. Мұнда тәртіп қатал болғанымен, барлық жағдай жасалған. Әскерге келген соң ыждағаттылықпен қимылдап, қырағы болып, сабырлы, жинақы жүруді үйрендім, - дейді ол.

Ол өз мамандығы бойынша қызмет етіп, саланың дамуына үлесін қоссам дейді.

Біз, №1 батальон жауынгерлік қамтамасыз ету ротасы, кезекшілікке шығып, қоғамдық тәртіптің сақталуын, көшеде жағымсыз оқиғалардың болмауын бақылап, халықтың тыныштығын күзетеміз. Жалпы әскери өмірге төселдім, енді бір айдан соң борышымды өтеп, ауылыма қайтамын. Елде ата-анам, бауырларым күтіп жүр. Туған жерге оралған соң мал дәрігері болып жұмыс жасағым келеді. Әскерге дейін Ойыл аграрлық колледжін, Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы университетті ветеринария мамандығы бойынша бітіргенмін. Өз мамандығым бойынша қызмет етіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлесімді қоссам деймін, - дейді Сәбит.

«Үйде қалыңдығым күтіп отыр»

Евгений Кокорин, қатардағы жауынгер, 23 жаста:

Мен әскер қатарына Өскемен қаласынан алындым. Қазір №6655 әскери бөлімі №1 батальоны жауынгерлік қамтамасыз ету ротасында Отан алдындағы қасиетті борышымды өтеп жүрмін. Бір айдан соң үйге ораламын. Бір жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Әскери өмірдің қызығы мен қиындығын көріп, шыңдалдым. Өскеменде мені анам, інім және қалыңдығым Елена күтіп жүр. Әскерге алынбай тұрып, сүйікті қызыма ұсыныс жасағанмын. Міне, енді үйге оралған соң, той жасап, некемізді қиямыз. Былтыр тойға дайындалып жүргенде, әскерге шақырту келді. Отан алдындағы борышымды өтемей, отбасын құру дұрыс емес деп ойладым. Содан әскерге кетіп қалдым, - дейді ол ағынан жарылып.

Ол 7 мамыр мерекесі —  батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны дейді.

Енді, міне, борышымды өтеп, үйге қайтамын. Ер азамат үшін Отаны бірінші орында болуы керек. Кәмелет жасқа толған кез келген жас елінің алдындағы өз борышын орындауға тиіс. Менің ұлтым орыс болса да, жүрегім қазақ деп соғады. Қазақстан — менің Отаным! Сондықтан мен үшін бұл мерекенің маңызы зор. 7 мамыр мерекесі —  батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны, - деді Евгений.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы