Олар бізбен бірге болған: New York Times газеті бірінші бетін қайтыс болғандарға арнады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "New York Times" газеті жексенбі күнгі нөмірдің алғашқы бетінде коронавирустан қайтыс болған Америка азаматтарының ұзын-сонар тізімін жариялады. Олардың саны 100 мыңға жетеді.

Әдетте "New York Times" газетінің бірінші бетінде мақала,фотосурет жарияланатын. Бұл жолы басылым коронавирустан қайтыс болғандардың тізімін жариялауды жөн көрген.

Газет бетіндегі некрологта марқұмдардың  аты-жөні, жасы, тұрғылықты жері және қысқаша сипаттамасы немесе кәсібі көрсетілген. Бірақ тізім толық емес. Тақырыпта: "Бұл жай ғана тізім емес, олар бізбен бірге болған" деп жазылған.

Басылым қызметкерлері Америка Құрама Штаттарының әртүрлі қалаларында шыққан жүздеген газеттерді зерттеген. Сөйтіп, ақпарат құралдарында жарияланған коронавирустан қайтыс болды деген адамдардың есімдерін жазып алып, 1000 адамның тізімін жасап шыққан. 

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, АҚШ-та індеттен қайтыс болғандардың саны 97 мыңнан асады. Ал жалпы 1 миллион 600 мың адам жұқтырған.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы