"Ол жаққа бармаймын": Зеленский Сауд Арабиясы туралы
Украина президенті Владимир Зеленский Сауд Арабиясына сапарын кейінге шегерді, деп хабарлайды BAQ.KZ unian.net-ке сілтеме жасап.
Америка мен ресейлік делегацияның Эр-Риядтағы кездесуіне байланысты Зеленский аталған елге сапарын 10 наурызға шегерген.
Бұл туралы Украина басшысы Анкарада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен бірге өткізген баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Мен дәл қазір Сауд Арабиясына баратын сапарымды кейінге шегердім, ол жаққа бармаймын. Сапарды 10 наурызға ауыстырдым, - деді Зеленский.
Айтуынша, кез келген мемлекет өзге елдермен екіжақты қарым-қатынас құруы мүмкін.
Бірақ біздің сыртымыздан ештеңе шешпесе екен деймін. Менің ойымша, бұл барынша әділетті болады. Кез келген нәрсені талқылаңыздар. Бірақ Украинасыз шешім қабылдап, Украинасыз соғысты тоқтатуға бола ма? Бізді Сауд Арабиясындағы ресейлік-америкалық кездесуге шақырған жоқ. Бұл бізге тосынсый болды, - деп ағынан жарылды Украина президенті.
Зеленский Сауд Арабиясымен қарым-қатынастары жақсы екендігін де атап өтті.
Біз хабарластық, келістік, мен 10 наурызда ресми сапармен барамын, - деді ол.
Зеленский Киевте АҚШ өкілдерінің келуін күтетінін де жасырмады.