Оқушылар мен студенттер Әубәкіровпен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде тұңғыш қазақ ғарышкері, халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровпен онлайн форматта кездесу өтті.

Адамзат баласының ғарышқа алғаш рет ұшуының 60 жылдығы, тұңғыш қазақ баласының ғарышқа ұшуының 30 жылдығына арналған көпшілік бағдарлама аясында «Адамға табын, Жер, енді!» халықаралық көрме алаңы ұйымдастырылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» кітабында айтқандай, ел Тәуелсіздігінің тарихы космонавтика тарихынан басталды. Бұл – тарихи факт. Тәуелсіздік алғанға 2 ай уақыт қалғанда Тоқтар Әубәкіров алғашқы қазақ болып, ғарышқа ұшты. Бұл біз үшін өте үлкен қуаныш болды. Біріншіден, бұл оқиға Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қырағылығының арқасында орын алды. Кеңес Одағы ыдырап жатқанда қазақ баласының ғарышқа ұшты. Қазір Қазақстан ғарыш саласында ойып тұрып орын алады. Бізде Байқоңыр бар. Өзіміздің космонавттар, білікті мамандар дайындалады. Біз спутниктер шығарамыз, өзіміз сынақтан өткіземіз. Шын мәнісінде мұның барлығы Тәуелсіздігіміздің арқасында, - деді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы №72 мектеп-лицейінің оқушылары мен Сервис және туризм колледжінің студенттері қатысты. 

Кездесу барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы басқару колледжінің, Құрылыс колледжінің, Менеджмент және бизнес, Көпбейінді колледждің студенттері, 

Қажымұқан атындағы мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің оқушылары онлайн байланысқа шықты.

Бүгінгі шараны тамашалауға келген оқушылардың бірі – Мағжан Мүбәрак.

Ол №72 мектеп-лицейінің 9 «И» сыныбында оқиды.

Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровпен тілдескен өте қатты ұнады. Ол – қазақ елі үшін өте сыйлы адам. Ғарышқа ұшу оңай емес. Ол көп дайындықты, батылдықты талап етеді. Көрмеде ғарыш туралы тың мәліметтермен таныстым. Бір жағынан жақсы демалып қалдым. Болашақта ұшқыш болғым келеді. Ғарыш саласы да мен үшін өте қызықты. Барлығына көрмеге келуге кеңес беремін, - деді оқушы.

Кездесуге қатысушылар Қазақстанның ғарыш саласы тарихының өзекті мәселелері мен даму перспективаларын талқылады.

Сондай-ақ Тоқтар Әубәкіровке оның өмірі мен кәсіби қызметі туралы сұрақтар қойылды.

Бүгін Тоқтар Оңғарбайұлын естеліктерімен және ғарыш саласының болашағы туралы ойларымен бөлісу үшін арнайы шақырдық. Меніңше, бәрінен бұрын жастар үшін кездесу өте жоғары деңгейде өтті. Соңғы уақытта жастарымыздың тек кәсіпкер ғана емес, ғарышкер болуға ұмтылатыны қуантады. Бұл Қазақстанның болашағы жарқын екендігін көрсетеді. Ғарыш туралы көрме 12 сәуірде ашылды. Ғарыш саласына байланысты артефакттарды ғана емес, ежелгі заманнан бері Қазақстанның даму сатысын бейнелейтін экспонаттарды ұсынып отырмыз. Өйткені, ежелгі тарих, орын алған оқиғалар, бәрі бекер емес. Бүгінгі жетістігіміз - бұрынғы заманнан келе жатқан тарихи сәттердің жемісі, - деп кітапхана директоры кездесу жайлы пікір білдірді. 



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы