«ӨКМ Операторы» ЖШС мен экология министрлігінің лауазымды тұлғалары 180 млрд теңге ұрлауға ниеттенген 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бас прокуратураның үйлестіруімен «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің 180 млрд теңге көлемінде ақша қаражатын ұрлаудың алдын алды, деп хабарлады Антикор. 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғалары және «ӨКМ Операторы» ЖШС басшылығы электр энергиясын өндіретін 6 қоқыс жағатын зауыт салу үшін жеке ұйымды заңсыз қаржыландыру жолымен кәдеге жарату алымдары түрінде жиналған 180 млрд теңгені ұрлауға ниеттенген.

Бұл ретте электр энергиясын мемлекет 15 жыл ішінде негізсіз жоғары тариф бойынша сатып алуға және жеке компанияға миллиардтаған пайда әкелуге кепілдік беруі керек болған.

Уақтылы қабылданған шаралар нәтижесінде аталған заңсыз әрекеттер әшкереленіп, ақшалай қаражат тұтқындалды.

Экология вице-министрі мен «ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы басшылары қамауда. Кінәлілік туралы қорытынды шешімді сот анықтайды.

Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы