"Өкінемін": Украинадағы соғысқа барған қазақстандыққа үкім шықты
Атырауда Украинада соғысқан әскери дәрігер жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атырау қаласының №2 сотында облыс орталығының тұрғыны С.-ға қатысты шетел аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысу (ҚР ҚК 172-бабы) бойынша қылмыстық іс қаралды.
Қазақстан азаматы 2024 жылдың наурыз айының соңында Мәскеуге барып, Ресей Федерациясының уәкілетті органдарымен әскери қызмет атқару үшін ерікті түрде келісімшартқа отырған.
Қысқа мерзімді дайындықтан өтіп, әскери киім алғаннан кейін ол Донецк облысына жіберіліп, танк полкі құрамында әскери дәрігер ретінде ұрыс қимылдарына қатысқан.
2024 жылдың желтоқсанында майдан шебінде жүрген кезінде ол жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Ол өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты. Соттан бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды өтінген.
ҚК-тің 172-бабының санкциясында 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Сотпен жаза тағайындау кезінде жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде: асырауында жас балаларының болуы және шын жүректен өкінуі қарастырылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот үкімімен сотталушыға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - деп жазылған Атырау сотының хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.