Өкілдіктің жаңаруы аймақтық элитаның жаңаруына әкеледі - саясаттанушы
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл болжанған, бәрі күткен сайлау болды. Өзім қоғамда 2019 жылдан бері келе жатқан реформаның жүзеге асырылуының нәтижесі деп білемін. 2022 жылы маусымда референдум өткізіп, Конституцияны өзгерттік. Міне, осының бәрі бірнеше жыл бойы қоғамда қызу талқыланып келе жатқан талаптың орындалуының нәтижесінде жүзеге асып отыр. Әсіресе таза партия атынан сайланатын жүйеге келген соң аралас сайлау жүйесін қостық,-деді ол.
Сондай-ақ саяси сахнада орын алып жатқан бұл өзгерістер саясаткерлер арасында бәсекелестіктің жоғары болуына септігін тигізеді деді.
Одан соң қарашада Президенттік институтты толығымен жаңарттық. Оның қайта рәсімделіп, қайтадан жаңа талаптарға сай қалыптасуына жағдай жасап, енді өкілдік органды жаңартамыз. Бұл ең алдымен жаңа адамдардың келуі, әсіресе аймақтардағы элитаның жаңаруына әкеледі. Облыстың мәслихаты 50%, аудандық мәслихаттың 100%-ы өзін-өзі ұсыну арқылы сайланады. Бұл адамның жеке саясаткер ретінде бәсекелес болып саяси сахнада орын алуына септігін тигізеді,-деп атап өтті.