Өңірлердегі медициналық мекемелерге 86 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі жеткізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Елдегі эпидемиологиялық жағдай аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы" тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг барысында "СҚ Фармация" басқарма төрағасы Берік Шәріп мәлімдеді.

Төтенше жағдай аясында бірыңғай дистрибьютор жағынан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жағдайға қарамастан, еліміздің барлық өңіріне жеткізудеміз. Жалпылама айтып өтсем, 2020 жылы бірыңғай дистрибьютор аясында 259 млрд теңгеге 1385 атаулы дәрі-дәрмек түріне шарт жасастық. Оның ішінде барлық өңірдегі медициналық мекемелерге 86 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі толығымен жеткізілді. 47 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі амбулаториялық бағытқа, яғни емханалық және бастапқы медициналық санитариялық көмек (БМСК) мекемелеріне берілді. Сондай-ақ, науқастарға 27 млрд теңгенің дәрілік өнімдері тегін берілді. Ал қазіргі таңда медициналық ұйымдарда 20 млрд теңгеге жуық дәрі-дәрмек заттары бар, - деді басқарма төрағасы.

Берік Шәріптің айтуынша, медициналық мекемелерге коронавирус инфекциясымен күреске бағытталған бірқатар дәрілік өнім жылдам жеткізілуде.

Стационарлық деңгейде біз жыл басынан бері 39 млрд теңгенің дәрілік өнімдерін жеткіздік. Олар коронавирус індетін емдеуге арналған дәрілер қатарына кіреді. Яғни, вирусқа қарсы лопинавир, ритонавир, гидроксид хлорофилл, дене қызуын төмендететін дәрілер, антибиотиктер және т.б. Бұл дәрілік өнімдерді барлық медициналық мекемелерге қолма-қол жеткізуге тырысудамыз, - деді Берік Шәріпұлы.

Сонымен қатар, ол бірді-екілі дәрілік өнімдерді жеткізу барысында қиындық туғанын да жасырмады.

Қазір Үндістан мемлекетінде шекара жабық. Сол себепті, бірді-екілі дәрілік өнімдерді жеткізу барысында қиындық туындады. Бұл мәселені шешу жолдары қарастырылып жатыр, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы