Офтальмолог: Көзге лазермен түзету жасау қауіпсіз процедураға жатады
Ертең, 8 тамыз күні әлемнің көптеген елінде Халықаралық офтальмология күні аталып өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл кәсіби мереке көрнекті офтальмолог әрі көз микрохирургі Святослав Федоровтың құрметіне бекітілген. Ол КСРО-да алғаш рет жасанды көз бұршағын қою отасын және әлемде алғаш рет глаукоманы ерте кезеңде емдеу операциясын жасаған.
Атаулы мереке қарсаңында ҚР ПІБ МО ауруханасының офтальмолог-дәрігері Сергей Кульбакамен тілдесіп, офтальмология саласында қандай жетістіктер бар, көз ауруларының алдын алу үшін не істеу керек және лазерлік түзетудің зияны бар ма деген сұрақтарға жауап алдық.
- Сергей Александрович, қазір технология дамыған заманда гаджеттерден бас көтермей отырғанымыз жасырын емес. Осындай кезеңде көз ауруларының қандай түрлері жиі кездеседі?
- Гаджеттермен ұзақ уақыт жұмыс істеген кезде цилиарлық бұлшықеттерге жүктеме түседі. Біз көзді жыпылықтатуды ұмытып кетеміз, салдарынан көздің беткі қабаты құрғап, көз шаншып ауырып, қызаруы мүмкін. Гаджеттерді шамадан тыс қолданғанда сығырлық (алыстан нашар көру) пайда болады.
Егер күні бойы экранға телміріп отырсақ, көзбұршақ шамадан тыс жұмыс істейді. Сонымен қатар, неврологиялық әсерлер пайда болады: бас ауруы, сколиоз, бұлшықет гипертонусы. Міндетті түрде көзді демалдыру қажет, телефонда отырған соң біраз кідіріп, жарты сағаттан кейін жаттығу жасаған дұрыс.
- Офтальмология саласындағы жетістік деп нені айтар едіңіз? Роботтық офтальмохирургия дегеніміз не?
- Офтальмологиядағы ең үлкен жетістік – катаракта кезінде торикалық және EDOF линзаларды пайдалану. Мұндай линзаларды біз күн сайын жұмыс барысында қолданамыз.
Кейінгі жылдары роботтандырылған жүйелер хирургиялық қызметтің түрлі салаларына енгізіліп жатыр. Олардың артықшылығы – қолмен жасалатын хирургиялық процедуралармен салыстырғанда дәлдігі жоғары, маневрлі және сезімтал. Кез-келген хирургияның, әсіресе көз микрохирургиясының мақсаты – араласудың дәл болуы. Алайда, офтальмохирургияға роботтық жүйелерді енгізу қарқыны медицинаның басқа салаларынан артта қалып отыр. Десе де интеграцияланған томографтары бар заманауи цифрлық микроскоптар, белсенді ағынды бақылау және лазерлік сүйемелдеу хирургқа көп көмектеседі және операцияның кейбір кезеңдерін жартылай автоматты түрде орындауға мүмкіндік береді.
- Қазір көзге лазермен түзету жасау кең тараған. Бұл процедура зиян ба? Одан кейін көру қабілеті қайта нашарлап кетуі мүмкін бе және нашарлап кетсе қайта жасауға бола ма?
- Лазермен түзету жасау қауіпсіз процедураға жатады. Оны тек кератоконус пен көздің нұрлы қабығының дистрофиясы кезінде жасауға тыйым салынған. Егер бірнеше уақыт өткен соң қайтадан алыстан нашар көре бастасаңыз лазерлік немесе басқа операцияны қайта жасауға болады.
Егер сіздің көру қабілетіңіз нашар болса, өмір бойы көзілдірік немесе контакт линзаларын тағып жүру керек деген сөз емес. Медицина дамыды және көру қабілетін қалпына келтіру қиын емес. ҚР ПІБ МО ауруханасының дәрігерлері сізге миопиядан, сығырлық және астигматизмнен арылуға көмектеседі.
- Әлеуметтік желілерде көру қабілетін түрлі жаттығулар арқылы қалпына келтіреміз жарнама көбейіп кетті. Расында жаттығу көмектесе ала ма?
- Көру қабілетін түрлі жаттығу арқылы қалпына келтіру мүмкін емес. Жаттығу көмегімен көзге түсетін жүктемені азайтып, көз қанайналымын жақсартуға болады.
Гимнастика көзбұршақтың қозғалысына, оны басқаратын бұлшықеттерге әсер етеді. Бұл – сығырлықты емдеу емес, шамадан тыс жүктемені жеңілдету. Маманмен кешенді емдеу арқылы ғана сығырлықты жеңуге болады. Диеталық қоспаларды немесе гимнастиканы қолдану арқылы аурудың алдын алуға болатыны туралы дәлелді негіз жоқ.
- Астигматизм емделе ме?
- Астигматизм кезінде бейне бұлдырап, қосақталып көрінуі мүмкін. Жедел емдемесе астигматизмнен құтылу мүмкін емес. Лазерлік түзету көмегімен көздің аномал пішіні түзеліп, рефракция жақсарады.
Астигматизмде көзілдірік немесе контакт линзалар көмегімен көруді түзету қолданылады. Көзілдіріктің әйнектері домалақ цилиндрлі пішінде болады және рефракцияның бұзылуын жоя алады, алайда кейде пациент оларды қолдану кезінде ыңғайсыздық сезінуі мүмкін. Бұл жағдайда офтальмолог торикалық контакт линзаларды тағайындайды.
Түзеткіш құралдар астигматизмнің белгілерін жойып, көру қабілетін жақсартады, бірақ аурудың өзін жоймайды. Бұл бұзылыс хирургиялық жолмен немесе көру қабілетін лазерлік түзету арқылы ғана емделеді.
- Өзіңіз қызмет ететін орталықтың ауруханасында көз аурулары қандай тәсілдермен емделеді? Қандай жаңа технологиялар бар?
- Ауруханада жүре пайда болған катарактаның кез келген түріне ота жасалады. Глаукоманы емдеуде дренажды қолдана отырып классикалық фильтрлік хирургия бар. Сондай-ақ торлы қабықтың бөлінуі, шыны тәріздес денеге қан құйылу, амбулаториялық операциялар жасалады.
Бұдан бөлек орталық базасында ақылы түрде профилактикалық және диагностикалық тексерістерден өтуге болады.
- Әңгімеңізге рахмет!