Офтальмохирург: Көз жанарын сақтаудың басты жолы – ерте диагностика

Көру қабілетін сақтау – көзілдірік тағып, көзді демалдырумен шектелмейді. Бүгінде көз аурулары жас талғамайды, ал олардың кейбірі мүлде байқалмай дамуы мүмкін.

Жанарымызды қалай сақтаған дұрыс? Көз ауруларының алдын қалай алуға болады? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР ПІБ МО ауруханасының офтальмохирург-дәрігері Сергей Кульбака BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбат барысында жауап берді.

Фото: ҚР ПІБ МО

- Сергей Александрович, ҚР ПІБ МО ауруханасында көз ауруларын емдеу үшін қандай заманауи технология мен тәсілдер қолданылатынын айтып беріңізші...

- Көз жанарынан айырылудың, әсіресе қарт адамдар арасында кең таралған негізгі себебі – катаракта. Бұл ауру кезінде көздің табиғи линзасы – хрусталик бұлдырланып, көру қабілеті нашарлайды. Біз мұндай жағдайларда көру фокусын күшейтетін, жоғары технологиялы жасанды хрусталиктерді (интраокулярлы линзаларды) пайдаланамыз.

Ал жасқа байланысты макулалық дегенерация және диабеттік ретинопатия кезінде тор қабық ауруларын емдеудің тиімді әрі заманауи әдісі – ангиогенез ингибиторларын интравитреалды (көз ішіне) егу. Бұл әдіс көздің ішкі жағына дәріні тікелей енгізу арқылы аурудың дамуын тежейді және көру қабілетін сақтау мүмкіндігін арттырады.

Сондай-ақ глаукома секілді ауруларда антиглаукомалық дренаждарды имплантациялау көз ішіндегі қысымды төмендетіп, көру жүйкесін зақымданудан қорғайды.

- Офтальмологияда ерте диагностиканың маңызы қандай және профилактика мақсатында пациенттерге қандай тексерістерден өтуге кеңес бересіз?

-Көз ауруларын ерте анықтау және алдын алу үшін жылына кемінде бір рет офтальмологқа қаралып, кешенді тексеруден өтіп тұру өте маңызды. Мұндай тексеру келесі диагностикалық әдістерді қамтуы тиіс:

Көру қабілетін (көру өткірлігін) тексеру – адамның жақыннан және алыстан қаншалықты анық көре алатынын бағалауға мүмкіндік береді.

Көздің рефракциясын анықтау – бұл процедура арқылы алыстан көрмеушілік (миопия), жақыннан көрмеушілік (гиперметропия) немесе астигматизм сияқты көру бұзылыстары анықталады.

Көзішілік қысымды өлшеу – глаукома ауруын ерте кезеңде анықтау үшін өте маңызды, себебі көзішілік қысымның жоғарылауы көру жүйкесіне зақым келтіруі мүмкін.

Көз алмасының ультрадыбыстық зерттеуі (УДЗ) – көздің ішкі құрылымдарын, әсіресе көз түбіндегі өзгерістерді көруге мүмкіндік береді.

Оптикалық когерентті томография (ОКТ) – бұл заманауи әдіс көздің тор қабығы мен көру жүйкесін жоғары дәлдікпен тексеруге мүмкіндік береді. Ол макулалық дегенерация, диабеттік ретинопатия және глаукома секілді ауруларды ерте кезеңде анықтауда таптырмас құрал.

Көру өрісін тексеру – адамның көру кеңістігін (шеткі және орталық көруін) бағалауға мүмкіндік береді. Бұл глаукома сияқты ауруларды диагностикалауда маңызды рөл атқарады.

Осы тексерулердің барлығы көз саулығын бақылауда ұстап, көз ауруларын ерте анықтап, уақытылы емдеуге мүмкіндік береді.

- Пациенттер сізге көбіне қандай шағымдармен келеді? Қазақстандықтарға тән қандай да бір ерекшеліктер бар ма?

- Қазақстанда ең кең тараған көз ауруларының бірі – катаракта. Бұл кезде көздің табиғи линзасы – хрусталик бұлыңғырлап, көру қабілеті төмендейді. Науқас заттарды бұлдыр көреді, жарыққа сезімталдық артады, түнгі көруі нашарлайды. Катаракта көбінесе жас ұлғайған сайын пайда болады, бірақ жарақат немесе басқа сырқаттардан кейін де дамуы мүмкін.

Екінші жиі кездесетін ауру – глаукома. Көз ішіндегі қысым жоғарылап, көру жүйкесіне зақым келтіреді. Бұл көру алаңының тарылуына және көрудің біртіндеп нашарлауына әкеледі. Глаукома «үнсіз жау» деп аталады, себебі алғашқы кезеңде симптомсыз дамиды.

Диабеттік ретинопатия – қант диабетінің тор қабығына әсерінен туындайтын ауру. Ұзақ уақыт қанттың жоғары болуы тор қабықтағы қан тамырларын зақымдап, көруді төмендетеді. Уақытында емделмесе, соқырлыққа дейін апаруы мүмкін.

Жасқа байланысты макулалық дегенерация – егде жаста жиі кездесіп, көздің орталық көру аймағы зақымдалады. Бұл адамға жазуды, жүздерді және ұсақ бөлшектерді көру қиындық тудырады.

Сондай-ақ конъюнктивит – көздің шырышты қабығының қабынуы болып, көбінесе инфекция немесе аллергия салдарынан пайда болады. Конъюнктивит жұқпалы болуы мүмкін, сондықтан ем мен жеке гигиена маңызды.

- Дер кезінде дәрігерге қаралу арқылы көз ауруларының көпшілігін емдеуге болады деп айта аламыз ба?

- Көз ауруларын уақытылы анықтау – көру қабілетін ұзақ уақыт бойы сақтаудың басты кепілі. Әсіресе, көзішілік қысымның жоғарылауынан дамитын глаукома секілді өте қауіпті әрі жасырын түрде өрбитін сырқаттар дер кезінде анықталмаса, қайтымсыз зақымға әкелуі мүмкін. Сол себепті 40 жастан асқан әрбір азамат жылына кемінде бір рет офтальмолог маманға қаралып, көздің ішкі қысымын, көру өткірлігін және көру жүйкесінің жағдайын тексертіп тұрғаны жөн.

- Пациенттің алғашқы қабылдаудан бастап операцияға дейінгі жолы қандай маңызды кезеңдерден тұрады? Пациент қауіпсіздігі қалай сақталады?

- Пациент алғаш келген кезде ең алдымен көру өткірлігі, яғни, алыстан және жақыннан қаншалықты анық көретіні)тексеріледі. Бұдан кейін көзішілік қысым өлшенеді – бұл глаукома сияқты ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көз түбін офтальмоскоп арқылы қарап, тор қабықтың және көру жүйкесінің жағдайы бағаланады.

Келесі кезеңде оптикалық когерентті томография (ОКТ) жүргізіледі. Бұл заманауи әдіс көру жүйкесінің, макула аймағының және көз ішіндегі басқа да маңызды құрылымдардың нақты жай-күйін анықтауға көмектеседі. Қажет болған жағдайда көз алмасына ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жасалып, көздің ішкі кеңістігі мен құрылымдары толықтай зерттеледі.

Барлық диагностикалық шаралар кезінде пациенттің қауіпсіздігіне ерекше мән беріледі. Біз тек стерильді құралдарды қолданамыз, медициналық гигиена мен санитариялық талаптарды қатаң сақтаймыз, әрі зерттеудің барлығында заманауи, дәлдігі жоғары жабдықтарды пайдаланамыз. Бұл тәсіл көз ауруларын ерте анықтауға, дұрыс диагноз қоюға және тиімді ем тағайындауға мүмкіндік береді.

- Көз аурулары туралы қандай жаңсақ пікірді жиі естідіңіз?

Экран жарығы көру қабілетінің нашарлауына себеп болады деген пікір кең таралғанымен, бұл тұжырымды нақты дәлелдейтін ғылыми дерек әлі жоқ. Дегенмен, компьютер, смартфон, планшет сияқты құрылғыларды ұзақ уақыт пайдалану көзге кері әсерін тигізетіні анық. Мұндай жағдайда көпшілік "компьютерлік көру синдромына" (визуалды шаршауға) ұшырайды.

Оның белгілерінің қатарында көздің тез шаршауы, құрғақтық, қышу, көздің қызаруы, бұлыңғыр көру, маңдай мен самай тұсындағы бас ауру бар. Бұл белгілердің басты себебі – экран алдында ұзақ отырған кезде көзді жыпылықтату жиілігінің азаюы. Соның салдарынан көздің шырышты қабаты кеуіп, ылғалдандыру механизмі бұзылады.

Сонымен қатар "көзілдірік пен линза тағу көз ауруын асқындырады" деген де қате түсінік бар. Шын мәнінде, дәрігер кеңесімен дұрыс таңдалған оптика көруді жақсартып, артық күш түсуден қорғайды. "Сәбіз бен дәрумендер көз ауруының алдын алады" деген пікір де толық шындыққа жанаспайды. Иә, олар пайдалы, бірақ тек сәбіз жеу немесе дәрумен қабылдау арқылы көруді қалпына келтіру мүмкін емес. Бұл – кешенді күтімнің бір бөлігі ғана.

Көру қабілетінің нашарлауына бірнеше фактор әсер етеді. Сондықтан гаджеттерді шектеп пайдалану, әр 20 минут сайын 20 секундқа алысты көру, дұрыс жарықтандыру және офтальмологқа уақытылы қаралу – көз саулығын сақтау үшін маңызды қадамдар.

- Кейінгі 10 жылда офтальмологиялық емдеу тәсілдері қалай өзгерді? Бұл саланы алдағы 10 жылда не күтіп тұр?

- Кейінгі 10 жылда офтальмология саласы айтарлықтай дамыды. Глаукоманы лазерлік жолмен – транспупиллярлы микроимпульстік циклофотокоагуляция әдісімен емдеу тіліксіз, қауіпсіз әрі қайталануға болатын тәсіл ретінде кең қолданыс тапты. Көру бұзылыстарын түзетуде де үлкен өзгерістер болды: ФРК, LASIK секілді әдістерден қазіргі заманғы ReLEx SMILE технологиясына дейін дамып, операциялар аз инвазивлы әрі нәтижелі бола түсті. Катарактаны емдеуде жоғары технологиялы, мультифокалды линзалар қолданылып, көру сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар, витреоретиналды операцияларда ультра-жіңішке құралдар (27–29G) пайдаланыла бастады, бұл қалпына келу уақытын азайтты.

Алдағы 10 жылда бұл салада одан да ауқымды инновациялар күтіледі. Соның ішінде – тор қабықтың зақымдануын емдеуге бағытталған жасушалық терапия, нанороботтар арқылы көз ішілік процестерді нақты бақылау және ем жүргізу, сондай-ақ зақымдалған көз тіндерін қалпына келтіретін биоматериалдар кең қолданылады деп ойлаймын. Жасанды интеллект диагностиканы жылдам әрі дәл жүргізіп, дәрігердің жұмысын жеңілдетіп, дер кезінде емдеуді қамтамасыз ететін маңызды құралға айналады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы