Офицерлер жауынгерлік тумен қоштасты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігінде қорғаныс ведомствосы басшылығының қатысуымен әскери тумен қоштасу салтанатты рәсімі өтті. Қазақстан Қарулы күштері бірқатар офицерін запасқа шығарып салды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Жауынгерлік тумен қоштасу-әрбір әскери қызметші үшін ерекше рәсім. Офицерлер кезекпен армияның абыройын, жауынгерлік дәстүрлерін бейнелейтін жауынгерлік тудың алдында бас иді.
Құрметті қарауыл ротасы мен ту ұстаушы тобының қатысуымен генерал-лейтенант Мұрат Майкеевті, генерал-майор Василий Рысбаевты, полковниктер Раушанбек Әбілдаев және Болат Қарақұқтықовты запасқа шығару туралы бұйрық оқылды. Салтанатты іс-шара барысында офицерлердің әскери жолы, олардың басшы мен командир ретінде қалыптасуы, сондай-ақ еліміздің Қарулы күштеріндегі жетістіктері туралы деректі фильм көрсетілді, - делінген хабарламада.
Генерал-лейтенант Мұрат Майкеев Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген. Әскери қызметін Германиядағы Кеңес әскерлері тобының әскер құрамында бастады, Байкал әскери округінде қызмет етті, 68-мотоатқыштар дивизиясы командирінің орынбасары болды, құрлық әскерлерінің мотоатқыштар дивизиясын, аэроұтқыр әскерлерін, Қазақстан құрлық әскерлерін басқарды. 2016 жылдан бастап Майкеев қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР ҚК Бас штабының бастығы қызметін атқарды.
Генерал-майор Василий Рысбаев Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін және Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген. Ол Мәскеу және Қиыр Шығыс әскери округтерінде қызмет атқарды. Тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштерінің құрылуы кезінде офицер Отарда, Шымкентте, Алматыда, Үшаралда, Аягөз қаласында штаб бастығы және әскери бөлімдердің командирі болып қызмет етті. Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары, "Астана" және "Шығыс" өңірлік қолбасшылықтарының қолбасшысы, құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары қызметі жұмыстарын атқарды.
Полковник Раушанбек Әбілдаев Суворов әскери училищесін, Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін және ҚР Қарулы күштерінің академиясын бітірген. Германиядағы Кеңес әскерлері тобының құрамында, Фрунзе атындағы Киев жоғары жалпы әскери командалық училищесінде қызмет етті. Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектебінде және ҚР ҚМ Кадрлар департаментінде кадрлық мәселелермен айналысты. Сонымен қатар, ол әскери полиция органдары мен аумақтық қорғаныс әскерлерінің құрылуы, білім беру мәселелерімен айналысты. 2017 жылдан бастап ҚР ҚМ Әкімшілік департаментін басқарды.
Полковник Болат Қарақұқтықов Қазақстан Қарулы күштерінде әскери полиция бөлімшелерінде, анықтау бөлімінің аға анықтаушы-инспекторы және жедел-іздестіру жұмыстары бөлімшесінің инспекторы лауазымдарынан бастап, ҚР ҚК Әскери полиция бас басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет атқарды. 2016 жылдан бастап офицер ҚР ҚМ Заң департаментін басқарды.