Офицер болу арманым - курсант

Бала кезімде ауылдың жігіттері әскерге бозбала болып аттанып, әскерден бойы өсіп, денесі шымырланып, сымбатты болып оралатын. Соларға қарап бүкіл ауыл баласы бой түзейтін. Әскери оқу орнының курсанты Нұртілеу де  өскенде әскери қызметші болып, білікті офицер атанам деп алдына үлкен мақсат қойған көрінеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

 - Өзің жайлы әңгімелеп берсең?

Есімім – Нұртілеу Ақтұра, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне білікті маман даярлайтын, офицерлердің ордасы саналатын Сағадат Нұрмағамбетов атындағы  Құрлық әскерлер әскери институтында 2 курста оқып жүрмін. Түркістан облысы Сайрам ауданы Жібек жолы ауылынанмын. Көп балалы отбасында дүниеге келдім, 6 әпкем, 1 інім бар, ата-анам сол ауылда қызмет етеді. 

-Әскери оқу орнын таңдауыңның себебі не?

Бұл институтқа офицер болсам деген арман жетелеп келді. Сонау бала кезімде мен әскери киноларды, әскери қызметшілердің киім үлгісін көріп қызығатынмын. Оның үстіне әкем де үнемі «ер жігіт еліне қорған болуы керек» дегенді жиі айтады. Сол сөздері менің балалық арманымды іске асыруға себепші болды деп ойлаймын.

- Мұнда екі жыл ішінде не үйрендіңіз?   

2021 жылы осы институтқа келіп түстім. 2 жылдан бері шыдамдылықты, сабырлықты, ең бастысы ұқыпты және тәртіпті болуды үйрендім. Әскери өмір шынықтырып, ширатты. Ер адамның бойында өзіне деген сенімділікті қалыптастырады.

- Әскери оқу орны жайлы не айтасың?

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтында   тәртіп те бар, талап та бар, тәрбие де бар!  Институтта бізге даярлығы мықты, тәжирбиесі мол офицерлер сабақ береді. Бұл жерде, тегін біліммен қоса, жататын орын, тамақ және әскери киіммен қамтамасыз етеді және шәкіртақы аламыз. Қазір инженерлік қамтамасыз ету мамандығында оқимын. Болашақта Қазақстан Республикасының үздік, яғни мықты деген офицерлерінің бірі болғым келеді.

  - Мақсатыңа жет, Нұртілеу!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы