Одан мұрты қисайып қалмайды: Депутат компанияларға міндетті аудит не үшін керектігін айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жылдық кірісі 4 млрд теңгеден асатын компанияларға міндетті аудит енгізу қажет. Бұл туралы Мәжілісте аудиторлық қызметке қатысты заң жобасы таныстырып баяндама жасаған депутат Омархан Өксікбаев айтты.
Бүгін Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне аудиторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
Жылдық кірісі 4 млрд теңгеден асатын компанияларға міндетті аудит енгізу кәсіпкерлік субъектілеріне тиімді болады. Бұл әлемдік тәжірибе. Осы бағытта елімізде ең жоғары межені қоймақпыз.Көрші елдер – Ресей мен Беларусь табысы 2 млрд теңгеден асқан кәсіпорындарды міндетті аудитке жатқызып отыр. Біз табысы 4 млрд теңгеден асқандарды қамтып отырмыз, - деді Омархан Өксікбаев.
Дегенмен, әріптесінің бұл ұсынысын депутат Нұртай Сабильянов қолдамайтынын айтты.
Аудиторлық қызметте бес жыл істеген адаммын. Қыр-сырын жақсы білемін. Осы ретте менде сұрақ туындап отыр. Жылдық кірісі 4 млрд теңгеден асатын компанияларға міндетті аудит енгізу кәсіпкерлік субъектілеріне тиімді болады деп айттыңыз. Бұл не үшін керек? Аудиторлық компаниялардың мүддесін қорғау үшін емес пе? Әлде салық төлеу үшін бе? ЖШС-да бір ғана құрылтайшы болады. Егер салығын төлеп тұрса, оған не үшін кедергі жасауымыз қажет? Біз оған қазір алдымен аудит жүргіз, сосын барып декаларация тапсыр десек, жүктемеге енгізгендей боламыз ғой. Аудитор келген соң, тегін жасамайды. Тағы да қаражат алады. Бәрі кәсіпкерлік субъектілеріне кедергі болады. Бұл нормаға қарсымын, - деді депутат Нұртай Сабильянов.
Өз кезегінде Омархан Өксікбаев 4 милрд теңгеден жоғары табысы бар компаниялар үшін аудиторлық компанияларға төлейтін 2-3 млн теңге ештеңе емес деп отыр.
Нұртай Салихұлы (Сабильянов – тілші) аудит саласының иісі мұрныңызға баратынын білеміз. Иә, аудиторлық компания тегін жұмыс істемейді. Ақша алады. Бірақ бұл қажет. Біріншіден, салық жүйесіндегі тәртіпті ретке келтіре аламыз. Бухгалтерлік есептің дұрыс жүргізілетіне көз жеткізгіміз келеді. Жалпы, міндетті аудит не үшін қажет? Ашықтық, жариялық үшін керек. Ал енді осындай айналымы бар компаниялардың табысы жария ма?, ол жерде көлкеңкелі экономика жоқ па? Соны мемлекет білуге тиіс. Мұндай айналымы бар серіктестіктің 4 милрд теңгеден 2-3 млн теңгесін аудиторлық компанияға төлесе, одан мұрты қисайып қалмайды. Керсінше, сол серіктестіктің есепшісінің деңгейі төмен болып, салықты дұрыс төлемей, аудитор келіп сол қатені түзетсе одан екі есе ұтқан болар, - дейді депутат.