Обырға шалдыққандар саны көбейіп барады
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемендегі онкологиялық орталықтың операция бөлімі. Жұмыс уақыты бастала сала хирургтер ота жасауға кіріскен.
Түске дейін мұндағы операция залдары еш босамайды. Күніне он-он екі отаға дейін жасалады. Бұл – аурудың көбейгені емес, скринингтің нәтижесі.
Заманауи аппараттар, үлкен экран... Экраннан әлденені тілгілеп жатқан қандауыр жылт-жылт етеді. Операция үстеліндегі науқастың жүрек соғысын анестезиолог монитор арқылы бақылап отыр. Хирург маңдайы терлеп, экранға тесіле қараған. Жанында ассистент, медбикелер зыр жүгіріп жүр. Әр операция әдетте бір жарым, екі сағатқа созылады.
Онкохирург Хусан Өмірзақов былтыр 700-ден астам операция жасаған.
Жұмысымыз операция жасаудан басталады. Отаны қуықасты безіне жиі жасаймыз. Шығыста простата аденомасы көп. Екінші орында бүйрек тұр. Киста, фиброма, бүйрек обыры секілді аурулар кездеседі. Кей-кейде эхинокок, альвеококқа шалдыққандар түседі. Ісік ушығып кеткен жағдайда ғана қуықты түп орнымен алып тастауға мәжбүрміз. Ондайда ішектен қуықтың қабын тігіп, салып береміз. Бүйрек қатерлі ісікке шалдықса, өте қауіпті. Себебі, ірі қан тамырлары арқылы жүрекке шабады. Жүректен төмен кез келген тромпты алып шыға аламыз. 2020 жылы Қазақстанда біз ғана лапроскопиялық жолмен тромпқа операция жасап, сәтті аяқтадық, – деп түсіндірді Хусан Тәліпбайұлы.
Дәрігер кеңесіне құлақ түрсек, әр адам өзі тіркелген емханада белгілі бір уақытта скринингтен өтіп тұруы керек. Отыздан асқан әйелдер тоқ ішектің, жатыр мойнының, сүт безінің обырына тексерілуі қажет. Ерлерге қуықасты безін тексертіп тұрған жөн.
Жаман ауру алғашқы кезеңде анықталса, науқасты емдеуге бағытталған үкіметтің шығыны – 60-80 мың теңге. Ал, дерт ушықса, ол сома миллионға барады. Химия, сәулелі терапия, таргетті терапия секілді ем-домның бәрі қыруар қаржыны қажет етеді. Бір таргеттің өзі миллион теңге тұрады. Ушыққан жағдайда ол өмір бойы осы емдерді алып отыруы керек. Жоқ дегенде, жылына бір рет медициналық диагностикадан өтіп тұрған абзал. Әр органды ультрадыбыстық зерттеуге, кеудені рентгенге түсіріп, зәр, қан анализдерін тапсырып тұру керек. Туыстарында онкологиялық ауру барлар міндетті түрде тексерілуі керек, – дейді білікті онкохирург.
Алайда, көпшілік тексеруден өтуге жүрексінеді. Кейбірі операциядан қашып жүреді. Ісік ушығып, организмді жеп қояды. Айта кетерлігі, обыр жас-кәріні таңдамайды.
Өткенде 28 жастағы қызға ота жасадық. Ісік бүйректе, аналық безде, құрсақта болды, алып тастадық. Айтпағым, жас қыздың бір басында үш ісік болған. Сондықтан, тексеріліп тұру керек. «Мендегі диагноз анауда да бар, жүр ғой әне» деуге болмайды. Ісік әр адамның организмінде әртүрлі өседі, – дейді Хусан Өмірзақов.
Онкохирургтердің өздері таңғалатын операциялар да болып тұрады екен. Мысалы, 2016 жылы бір пациенттен операция арқылы 12 келі саркома, яғни қатерлі ісіктің бір түрі түп-тамырымен алынып тасталған. Бірақ, былтыр сол адамға қайта ота жасалып, тағы 7 килограмм ісік алыныпты. Яғни, саркома қайталана береді.
Бұрын бес-алты сағатқа созылатын ота бұл күндері заманауи аппараттардың көмегімен бір-екі сағат жасалады. Обыр көп анықталғанымен, өлім азайған. Қазір 98 пайызы аман қалуда. Тіпті үшінші дәрежеге өтіп кеткен науқастар құлан-таза айығып жатыр. Салыстырсақ, 2012 жылы скрининг нәтижесінде 205 облыс тұрғынынан ауру анықталса, қазір 980 пациент тіркелген. Ақ халаттылардың айтуынша, аурудың көбейгені емес, өлімнің көбейгені – қауіпті.