Бүгіннен бастап Қостанай облысына карантин режимі енгізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгіннен бастап Қостанай облысының барлық өңірінде карантиндік режим енгізілді. Бұл туралы бұған дейінгі мәлімдемесінде өңір басшысы Архимед Мұханбетов айтқан болатын.

Денсаулық сақтау саласының мамандарын тыңдай келе, 17 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап 1-ші мамыр сағат 07.00-ге дейін облыс аумағында карантин енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл, халықты коронавирустық инфекциядан қорғау үшін мәжбүрлі шара екенін атап өткім келеді. Мұндай тәжірибе, Қазақстанның басқа облыстарында қолданылуда. Ең алдымен, карантин режимі бізге барлық байланыстарға шектеу қоюға және қауіпті вирустың таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді - деген болатын облыс әкімі.

Алайда, облыс аумағында енгізілген карантин режимі өңірдегі егіншілік науқанына кедергі келтірмейді.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, біздің серіктестерге, шаруашылық құрылымдарына тиісті дала жұмыстарын бүгін алаңсыз өткізуге толық мүмкіндік бар. Блок-постардан кедергісіз өту мәселесі бүгінгі таңда қаралып, тапсырма берілді. Жұмыс атқарылып жатыр. Ішкі істер департаментімен бірлесіп, жанар-жағармай, қосалқы бөлшектерді тасымалдау және алдырту, оны жеткізу мәселесі бойынша. Не болмаса басқа облыстармен байланысқан жағдайда, осы дән себу жұмыстарына қатысты адамдардың келіп-кетуі, облыс аралығында жүріп-тұруы барлығы толығымен шешілді - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жансұлтан Таукенов.

Биылғы көктемгі егісте диқандар 5 миллион гектардан астам алқапқа дәнді-дақылдар себуді жоспарлап отыр. Өткен жылғы құрғақшылық  астық  шығымы мен сапасына кері әсер еткен болатын. Биыл сол олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік бар. Егістік алқаптарын әртараптандыру жұмысы жалғасын табады. Биыл майлы дақылдардың көлемі 700 мың гектарға жеткізілмек. Оның ішінде табысы мол күнбағыс, рапс, зығыр аумағы біршама ұлғайтылады. Негізінен бұл дақылдар солтүстік аудандарда егіледі. Ал облыстың оңтүстік бөлігінде мал азығына қажетті өсімдіктерге басымдық беріледі. 

Жалпы көктемгі дала жұмыстарына жеңілдікпен 71 мың тонна жанар май бөлініп отыр. Әдетте, көктемгі дала жұмыстары мамыр айының ортасынан басталып ай соңына дейін жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы