Ақтөбе облысына Ресейден дәрі-дәрмек жеткізілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеге Ресейден пневмониямен ауырып жатқандарды емдеуге қажет 52 мың қорапшаға жуық медициналық препараттар әкелінді.
Дәрілік заттар Ақтөбе облысының әкімдігі мен Орынбор қаласындағы облыстық дәріхана қоймасы арасындағы келісім аясында демеушілердің күшімен сатып алынған. Келісімшартқа сәйкес өңірдегі провизорлық және күндізгі стационарларға неғұрлым сұранысқа ие он дәрілік препарат жеткізілетін болады.
Бүгін Ақтөбеге "Азитромицин", "Бромгексин", "Ванкомицин", "Дексаметазон", "Ксарелто", "Фраксипарин", "Цефотаксим", "Цефтриаксон" дәрілері әкелінді.
Сонымен қатар дәрі-дәрмек қоры "СК-Фармация" арқылы орталықтандырылған негізде толықтырылып отыратын болады. Бұл тұрғындардың қызу түсіретін, қабынуға қарсы, қақырық түсіретін дәрі-дәрмектерге деген сұранысын қанағаттандырмақ.
Бұдан өзге 10 шілде күні Қытайдан, Катардан дәрігерлердің жеке қорғанысы үшін қажет заттар бар жүк келді.