Облыстық ауруханаларды жаңғырту: Елімізде жыл басынан бері 22 бейінді бөлімше ашылды
Қазіргі таңда ел бойынша 36 көпбейінді облыстық аурухана жұмыс істейді.
Қазақстанда облыстық ауруханаларды жаңғырту аясында 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 11 өңірде 22 бейінді бөлімше іске қосылды. Онда шамамен 400 пациент медициналық көмек алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлік басқармалар бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобаның мақсаты – өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ төсек қорын сұранысқа ие бағыттарға бейімдеу.
Қазіргі таңда ел бойынша 36 көпбейінді облыстық аурухана жұмыс істейді. Ал 2026–2027 жылдары кезең-кезеңімен тағы 49 бөлімше ашылып, 2700 төсек-орын іске қосылады деп жоспарлануда. Оның ішінде 302 төсек балаларға арналған.
Жаңа бөлімшелер кардиология, нефрология, пульмонология, эндокринология, ревматология, гематология және басқа да сұранысқа ие медициналық бағыттарды қамтиды.
2026 жылы жалпы 800-ден астам жаңа төсек-орын ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар 27 құзырет орталығы құрылып, 17 симуляциялық орталық мамандарды даярлау және біліктілігін арттыру үшін жұмыс істеуде.
Бұдан бөлек, 19 телемедицина орталығы ауылдық медициналық ұйымдарға консультациялық қолдау көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ кадрлық әлеуетті арттыру бағытында резидентура бағдарламалары мен біліктілікті арттыру курстары жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 80-нен астам маман арнайы модульдік бағдарламалар бойынша оқытылған.
Жоба медициналық көмектің сапасын арттыруға, ауыл тұрғындары үшін қолжетімділікті кеңейтуге және жалпы денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған.