"Облыстың прокуратурасы уәде берді". Құспан Шерзаттың өліміне қатысты пікір білдірді
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Шерзат Болаттың өліміне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Facebook-тегі парақшасында соңғы күндері Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты қоғамда қызу талқылау жүріп жатқанын атап өтті.
Әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпараттардың таралуына байланысты, көп жағдайда тексерілмеген, эмоцияға толы жазбалар мен бейнеүндеулерге назар аударылуда. Осыған байланысты әріптесім, депутат, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақпен бірге болған оқиғаның мән-жайымен жете танысу үшін арнайы Алматы облысына бардық. Істің барысын зерделеу мақсатында Алматы облысы прокуроры Берік Абызбайұлымен, облыстың Полиция департаментінің басшысы Мейрам Жұмкенұлымен жолықтық, - деді Абзал Құспан.
Мәжіліс депутаты заңгер ретінде бұл ауыр жағдайларды құқықтық тұрғыда қарастырудың маңыздылығын атап өтті.
Мұндай істерде қоғам тарапынан жасалған қысым тергеу амалдарының объективті әрі жан-жақты жүргізілуіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Прокуратураның ресми ақпаратына сәйкес, қасақана кісі өлтіру күдігімен 11 адам адам ұсталғаны белгілі. Қазіргі таңда тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.Осы іс бойынша 170 астам куәгерден жауап алынып, 40-қа жуық сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеліп жатыр, - деп жазды Құспан.
Сонымен қатар Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлімі де Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бақылауында екенін атап өтті. Ол бойынша сот-медициналық сараптамалар жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық істің қоғамдық маңыздылығына байланысты, мен тергеу барысымен танысып, заңгер ретінде мән-жайды нақты анықтау үшін жұмыс істеп жатырмын. Бұл істің әділ әрі ашық қаралуына ықпал ету – басты мақсатымыз. Алғашқы нәтижелерге келсек, облыс прокуроры Берік Абызбайұлымен кездесу барысында тергеу амалдарының барынша заң аясында және тиянақты жүргізілуін талқыладық. Облыстың прокуратурасы бұл істің құқықтық және әділдік принциптеріне сай қаралатынын мәлімдеп, бізге уәде берді. Алдағы уақытта тергеу барысы мен ресми ақпараттар туралы қоғамға үнемі бөлісіп отырамын. Қазіргі таңда кез келген расталмаған ақпараттан аулақ болуға және ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамын. Заңның үстемдігі мен әділдік жолында бірге болайық! – деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.