Облыстың бас кітапханашысы: Облыстық кітапхананың 14 мыңнан астам жас оқырманы бар

Биыл елімізде Ұлттық кітап күні пайда болды. Бұл атаулы дата Мемлекет басшысының қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру туралы берген тапсырмасына сәйкес бекітілді. Біз осы орайда С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Сұлушаш Хакимовамен сұхбаттасып, өңірдегі оқырмандардың үлесі мен ақтөбелік жастардың кітап оқуға деген ынта-ықыласы жайлы сұрап білген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

— Ұлттық кітап күні қазақстандықтардың, оның ішінде жас ұрпақтың кітап оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталған мереке деуге болады. Бұл мерекенің маңыздылығы жөнінде сіз не айтасыз? Сіздің ойыңша бұл мереке бізге не береді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек», — деп, кітапхананың маңыздылығын атап айтқан болатын. Бұл ретте егеменді ел болғаннан бастап жаңа бастамалар мен мазмұнды бағдарламалардың байыппен іске асуына кітапханашылардың қосқан үлесі өлшеусіз деуге болады. Қазақта «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Күш – білімде» деген ұлағатты сөздер бар. Ал білім мен күшті біз қайдан аламыз? Әрине, кітаптан. Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», — деген қазақтың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов.

Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу — әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі. Сондықтан Ұлттық кітап күнін рухани мереке ретінде қоғам, әр отбасы қабылдап, кең көлемде аталып өтетін болса, онда оның маңыздылығы, құндылығы арта түсетіні сөзсіз.

Қазір облыстық кітапхананы басқарып отырсыз. Қанша оқырмандарыңыз бар? Кітап қоры мен кітапханашылардың еңбегі, жетістіктеріңіз жайлы айтсаңыз. Басқа кітапханалармен өзара байланыстарыңыз қалай?

— Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы — қазіргі таңда оқырмандардың заманауи жаңа технологияларды пайдаланып, ақпарат пен білімге еркін қол жеткізетін рухани даму орталығы. Алғашқы көпшілік кітапхана 1896 жылы Ақтөбе қаласында оқу залы болып ашылды. Ол кезде Ақтөбе уездік қаласы Торғай губерниясының құрамына кірді. 1896 жылғы 5 қаңтардағы «Торғай» газетінің дерегі бойынша қала тұрғындары мен жергілікті интеллигенция арасында көпшілік кітапхана ашу идеясы туған. Содан 1932 жылы 10 наурызда Ақтөбе облысы құрылып, орталық қалалық кітапхананың негізінде Ақтөбе облыстық кітапханасы өз жұмысын бастаған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 22 қыркүйектегі қаулысымен Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына жерлесіміз, академик Сақтаған Бәйішевтің есімі берілді. Бүгінде кітапхана — облыстың ақпараттық, мәдени-демалыс орталығы және ақпараттық ресурстарды сақтап, кеңінен тарататын ең үлкен мәдени орын. Оқырмандарға 12 бөлім қызмет көрсетеді.

Қазіргі таңда кітапханамызда «Тарихы терең Ақтөбе», «Тарих тұңғиығындағы тұлғалар», «Тарих.Тұлға.Тағылым», «Ымырттағы кітапхана», «Деректі мұраны цифрлау», «Кітапхана Podcast» жобалары іске асырылуда. Аталмыш жобалардың мақсаты — жас ұрпаққа туған елінің нағыз елжанды перзенті болып қалыптасуына жол сілтеу, жаңа кітап жаңалықтарын ұсыну, заманауи технологияларды пайдалана отырып электронды кітап оқуға шақыру, ұлы тарихи тұлғалардың өмірі мен ерлігіне деген қызығушылықты арттыру, патриотизм негіздерін қалыптастыру.

Бүгінде Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасындағы кітап қоры — 325 мың дана. Мұнда жылына 27 мыңнан астам оқырман кітапхана қызметін пайдаланады. Олардың ішінде зиялы қауым өкілдері, ғылыми қызметкерлер, қаламыздағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының оқытушылары, мектеп мұғалімдері, студенттер, жастар, мектеп оқушылары мен зейнеткерлер бар.

Соңғы үш жылда кітапханамыз облыс, республика көлемінде бірнеше маңызы жоғары іс-шараларға қатысып, үлкен жетістіктерге жетті. Кітапхана қызметкерлерінің барлығы — жоғары білімді, кәсіби мамандар, өз ісінің шеберлері. Оған дәлел — әріптестеріміздің ұзақ жылдар бойы атқарған еңбектері еленіп, жоғары баға беріліп, «Кітапхана ісінің ардагері», «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы», «Кітапхана ісінің үздігі», «Халық құрметі» төсбелгілерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі атынан Алғыс хаттармен, медальдармен марапатталуы.

Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына – 2024» облыстық фестивалінде «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» номинациясының жеңімпазы атанды. «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалы ұйымдастырған салалық облыстық қысқы спартакиадада кітапхана ұжымы І орынды иеленді.

Ақтөбе облысының білім басқармасы ұйымдастырған «World skills Aqtobe – 2024» аймақтық чемпионатында «Кітапханашы» құзыреттілігі бойынша ІІ дәрежелі дипломмен кітапханашымыз Ж.Елубаева марапатталды.

Облыстық кітапхана ҚР Ұлттық кітапханасы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, РФ Н.Крупская атындағы Орынбор облыстық әмбебап-ғылыми кітапханамен, Ульяновск қаласы Е.Евтушенко атындағы №4 мамандандырылған кітапханамен әріптестік байланыста болып, республикалық және халықаралық шараларға белсенді түрде қатысып келеді.

— Қазір үлкендердің көбі: «Жастар кітап оқымайды», — деп налиды. Сіздерге келетін жастардың үлесі қанша? Жалпы кітап оқитын ақтөбелік жастардың белсенділігі қалай?

— Бүгінде рухани білім мен мәдениеттің ордасына айналған кітапхана құнды кітаптарды сақтап қана қоймай, оны насихаттап, көпшілікке қол жетімді болуы үшін нақты жұмыстар атқарып жатыр. Облыстық кітапханада республикаға танымал айтыскер ақын Қайнар Алагөзовтің «Ер» кітабының және әдебиетке жаңа леп ала келген ақтөбелік жас жазушы Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» кітабының тұсаукесері өтіп, кітапхана қоры жаңа кітаптармен толықты.

Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық, қалалық, аудандық кітапханаларда өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау мақсатында «Кітап фестивалі» шарасы жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл шара облыс көлемінде барлық аудандық, ауылдық кітапханаларда бір мезгілде өткізіліп, нағыз кітап мерекесіне ұласады. Шара аясында ақтөбелік ақын-жазушылармен кездесулер, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары, зияткерлік ойындар ұйымдастырылып, инсталляциялық кітап көрмелері және кітап дүкендері жаңа кітаптар жәрмеңкесін өткізеді.

Кітап оқуды насихаттау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, кітапханаға оқырман қауымды тарту мақсатында «Ымырттағы кітапхана» жобасында ақын, жазушылармен кездесу кештері, кітап көрмелері мен жәрмеңкелер, буккросинг, поэзия рarty, автограф тime, CREATIVE Party, тренингтер, моно-қойылымдар және т.б. мәдени шаралар ұйымдастырылады.

Қазақстандағы АҚШ Елшілігі мен «Шеврон» компаниясының қолдауымен 2023 жылы маусым айында Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Мейкерспейс» орталығы ашылды.

«Мейкерспейс» — заманауи технологиялармен жабдықталған, ғылым, технология, инженерия бағытындағы идеяларды жүзеге асыруға, зерттеуге және білім алуға арналған ортақ жұмыс кеңістігі. Мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, барлық жаңа, тың, алғашқы жобаларын қолдау. Орталық жанынан «Discovery» жастар командасы құрылып, Атырау, Астана қалаларында өткен робототехника конкурстарына қатысты.

Еріктілер желісін құру, «Digital art» планшетке сурет салу шеберлік сағаты, «Art Club» сурет өнерінің клубы, «STEM 2.0» жоба жоспарлау курсы, 3 Д модельдеу курсы, Робототехника, «Engineering Camp» инжинириг лагері (көпір кұрастыру, машина жасау, ракета ұшыру, парашют жасау), «ECO camp» экология лагерін ұйымдастыру секілді ауқымды жобалар іске асырылды. Орталық бүгінде жастардың кітап оқып, қызықты лекциялар мен өзекті тақырыптарды талқылайтын, шығармашылық, оқу бағдарламалары аясында креативті жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.

«Мейкерспейс» орталығы өскелең ұрпақтың білімге деген құштарлығын арттырып, жаңа құндылықтардың қалыптасуына оң әсерін тигізуде. Оқырмандардың бос уақытын тиімді пайдалану, кiтап оқуға деген қызығушылығын арттыру, кiтапхана имиджін қалыптастыру мақсатында өткізіліп жатқан көпшілік шаралар оң нәтижесін беріп жатыр. Бүгінде кітапхана оқырмандарының саны артып, әр түрлі қызметтегі, әр түрлі жастағы қала тұрғындары бүгінде кешкі кітапханада бас қосып жүр. Мысалы, жылына 27 мыңнан астам оқырман кітапхана қызметін пайдаланады. Оның ішінде 14 мыңнан астамы — жастар. Жалпы соңғы кезде кітап оқитын ақтөбелік жастардың үлесі артуда.

— Көп жыл балалар кітапханасында еңбек еттіңіз, сол себепті қазіргі балалардың қандай кітаптарды сүйіп оқитынын білетін шығарсыз? Жалпы кітапханаларға қандай кітаптар керек? Не жетіспейді?

— Көп жыл Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында қызмет атқардым. «Ақтөбе жыр құшағында», «Үздік оқырман отбасы», «Байғанин оқулары» жобаларын жүзеге асыра отырып, балалардың кітап оқуға деген қызығушылығының қаншалықты жоғары екенін байқадық. Балалар халық ауыз әдебиетінен бастап, заманауи фантастика, шытырман оқиғаларды қызыға оқиды.

Жыл сайын облыстық кітапханалар қоры жаңа әдебиеттермен толықтырылады. Ол үшін оқырмандардың сұранысы жасақталып, кітап қоры отандық және шетел әдебиеттерімен, ақпараттық, қажетті ғылыми басылымдар, оқу-әдістемелік құралдармен толықтырылады.

Оқырмандардың әр түрлі жанрларға деген қызығушылығы ескеріледі. Олардың фантастика, детектив, психологиялық, мотивациялық кітап­тарға сұранысы жоғары. Әсіресе, жастар арасында танымдық, мотивациялық кітаптар, психология және фантастика жанрлары сұранысқа ие. Сондай-ақ, жастар IT-технология, дизайн және сәулет бойынша кітаптарға ерекше қызығушылық танытады.

— Кітапханашылардың еңбекақысы аз екенін білеміз. Бұл орайда құзыретті мекемелерге ұсыныс-тілек жолдадыңыздар ма? Қандай проблемалар бар?

Соңғы үш жылда мәдениет саласындағы кітапханашылардың еңбекақысы 15-30 пайызға артты. Дегенмен білім саласындағы, мектеп кітапханашыларының еңбекақысы жоғарыламай тұр. Жалпы бұл мәселе қазіргі таңда өте өзекті.

Бүгінде Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы — студенттер, оқытушылар, магистранттар бас қосатын ғылыми орталық. Дегенмен облыстық кітапхана қорында ғылыми диссертациялар қоры жоқ. Кітапхана қорына Білім министрлігі тарапынан Алматы қаласының жоғары оқу орындарынан 2010 жылға дейін авторефераттардың міндетті данасы беріліп отырған. Қазір ғылым саласы бойынша қорғалған кандидаттық және докторлық диссертациялардың міндетті сандық форматтағы нұсқасын (электрондық нұсқасы) алу мәселесі туындап тұр. Диссертациялар қолжазба құқығында сақталады және Қазақстанның ғылыми мұрасы ретінде ерекше қорғалатын құжаттар қатарына жатады.

— Сіздердің «Оқитын өлке», «Бір ел — бір кітап» акцияларыңыз көпке танымал. Биыл республика, облыс көлемінде қандай іс-шаралар өткізіп жатырсыздар?

— Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен 2011 жылдан бері өлкедегі ең үздік туындыны, жергілікті ақын-жазушы, қоғам қайраткерінің бір шығармасын насихаттау, жастардың оқуға қызығушылығын ояту мақсатында жыл сайын «Оқитын өлке» облыстық акциясы ұйымдастырылады. Биыл жазушы Сара Мыңжасарова (100 жыл) және ақын Сағи Жиенбаевтың (90 жыл) шығармалары таңдалды.

Көрнекті ақын Сағи Жиенбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай кітапханамызда «Әнге айналған Сағи өлеңдері»атты әдеби-музыкалық кеш, жазушы Сара Мыңжасарованың туғанына 100 жыл толуына орай «Әйел бақыты» атты әдеби кеш өткізілді. Биыл қазан-қараша айларында «Ұлттық әдебиетінің жарық жұлдызы», «Өмірдің бұраң жолдары» атты облыстық конференциялар өткізуді жоспарлап отырмыз.

Ал 2007 жылдан бері елімізде ұйымдастырылып келетін «Бір ел — бір кітап» республикалық акциясы аясында биыл жалпыұлттық оқылымға жазушы Бердібек Соқпақбаевтың (100 жыл) шығармалары таңдалып отыр. Осыған дейін кітапханамызда «Әдебиет — тұлғалардың әлемі» атты облыстық әдеби челлендж, «Ақиқаттан айнымаған қалам» атты конференция өтіп, жазушының өмір жолы, шығармашылығы ұлықталды. Алда желтоқсан айында жазушының шығармашылығына арналған «Өзгеше ойлы қаламгер» атты оқырмандар конференциясын өткізу жоспарда бар.

Сондай-ақ биыл «Құдайберген Жұбанов тағылымы – сарқылмайтын қазына» атты іс-шара, республикалық «Үздік жас ғалым — 2024» ғылыми жоба байқауы және қоғам қайраткері, ғалым, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан ғылым Академиясының академигі Сақтаған Бәйішевтің туғанына 115 жыл толуына орай«Сан қырлы ғалым» республикалық үздік ғылыми жобалар байқауы ұйымдастырылуда.

Жалпы, бүгінде әрбір адамзаттың алдында тұрған басты мақсаттардың бірі білімді ұрпақ тәрбиелеу болса, біздің кітапхана осы мақсатта жұмыс істей береді. Біз үшін жас ұрпақтың білімге құштарлығы, кітапқа деген қызығушылығы, ынта-ықыласы — басты орында.

— Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы