Облыста бес жылдан бері тоқтап тұрған өндіріс орындары бар - Тоқаев

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына сапары барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Маңғыстаудың өңдеу өнеркәсібін және бизнес саласын дамыту қажет. Бұл аймақ Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтуға орасан зор үлес қосты. Мұнда еліміздегі мұнайдың төрттен бірі өндіріледі.

Мұнай-газ саласымен қатар облыста экономиканың өңдеу өнеркәсібін дамытуға мол мүмкіндік бар. Қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі – ұлттық экономиканы іс-жүзінде әртараптандыру.

Сондай-ақ, терең өңделген дайын өнім шығаратын өндіріс орындарын ашу қажет. Мен бұл туралы Үкімет жиындарында, өңірлерге барған кезде үнемі айтып жүрмін. Барлық әкімдер осы мәселеге баса назар аударуға тиіс. Бұл – Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған маңызды міндет», - деді Президент.

Облыста соңғы бес жыл бойы бірқатар ірі өндіріс орындары тоқтап тұр. 

Бұл жағдай жұмыссыз қалған азаматтар арасында наразылық туғызғанын жақсы түсінемін. Үкімет осы өндірістерді жандандыру үшін тиімді шараларды шұғыл түрде қабылдауға тиіс. Қажет болса, жаңа өнім шығару үшін нарықтың сұранысына сай бейімдеу жолдарын қарастыру керек.

Сонымен бірге, бәсекеге қабілетті жаңа кәсіпорындар ашқан жөн. 2023-2026 жылдары 29 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Үкіметке және әкімдікке барлық жобалардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді ол.

Облыста кәсіпкерлікті дамыту үшін де зор мүмкіндіктер бар. 

Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің ішкі өңірлік өнімдегі үлесі 32 пайызға жетті. Осы салада 140 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.

Өңдеу өнеркәсібі, туризм, сауда, сондай-ақ білім беру және медицина саласында кәсіпкерлер саны артып келе жатқаны қуантады. Яғни, облыс экономикасы әртараптана бастады деуге болады. Аймақтағы шағын және орта бизнесті дамытуға «Мен – кәсіпкермін» жобасы тың серпін берері анық.

Сондай-ақ, «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында осы аймақтың шағын және орта бизнес өкілдеріне көмек көрсетілуге тиіс. Жалпы, әкімдік Үкіметтің қолдауымен бизнесті ынталандыратын жаңа шаралар әзірлеуі керек, - деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы