Облыста ағаштан және саманнан салынған 51 мектеп бар – Ахметов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Даниал Ахметов «Nur Otan» партиясының «Әр азаматқа лайықты өмір» бағдарламасы аясында мектеп салу мәселесі бойынша отырыс өткізді.

Облыс әкімі іс-шара барысында Шығыс Қазақстан облысында оқушы орындарының тапшылығы, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі шешілгенін айтты. Бұдан бөлек, алдағы уақытта бірқатар елді мекендерде жаңа оқу орындары пайдалануға беріледі. 

Мәселен, Семейдің Қарағайлы, Восточный және Степное шағын аудандарында бірден 3 мектеп, Өскеменде 2 мектеп салынады. Риддерде 600 орындық заманауи мектепті келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ, Аягөз қаласында, Қасым Қайсенов кенті мен Урынхайка ауылында жаңа оқу корпустары пайда болады. Осы мектептердің алтауының құрылысы «Әр азаматқа лайықты өмір» партиялық бағдарлама аясында жоспарланған. 

Аймақ басшысы бүгінгі таңда облыста ағаштан және саманнан салынған 51 мектеп бар екенін айтты. Олар қанағаттанарлық жағдайда, бірақ жаңа оқу орындарын салуды жалғастыру үшін елді мекендердің қосымша оқу орындарындағы қажеттіліктеріне сапалы талдау жүргізу қажет.

Қазір мектептер салу қажеттілігін нақты қарастыру үшін ауылдар мен кенттердегі оқу орындарының толтырылуына сапалы талдау жүргізу маңызды. Біз бос кабинеттерді жылытпауымыз керек, мектептердің жұмыс кеңістігін барынша тиімді пайдаланып, оларды шынымен қажет жерге ғана салуымыз керек, - деді Д.Ахметов.
ШҚО әкімі бір апта ішінде зерттеу жүргізіп, нәтижесін ұсынатын комиссия құруды тапсырды. Оның құрамында жергілікті атқарушы органдардың басшылары ғана емес, білім, экономика және бюджеттік жоспарлау, құрылыс басқармаларының өкілдері де бар.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы