Облыс әкімінің орынбасары жол апатынан қаза болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Жомарт Нұркенов жол апатынан қаза болды. Бұл туралы Ақмола облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бұл оқиға 9 мамырда сағат 18.30 Петропавл - Нұр-Сұлтан жолында Көкшетаудан үш шақырым жерде болған. 

"Toyota Land Cruiser автокөлігі жол бойында тұрған асфальттөсегішке соғылған. Машинаны 1974 жылғы азамат - Ақмола облысы әкімінің орынбасары жүргізіп келе жатқан. Ол оқиға орнында қаза тапты. ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабының 3 бөлімі бойынша сот өндірісі басталды", - делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта

Нұркенов Жомарт Жұмағалиұлы, 1974 жылы дүниеге келген. 

Еңбек жолын 1996 жылы «Константиновский» өндiрiстiк кооперативiнде мал дәрiгерi болып бастаған. 

1998 — 2012 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылық министрлiгi Ақмола облысының аумақтық басқармасында жауапты қызметтер атқарды.

2012-жылдың ақпан айынан бастап 2013 жылдың маусым айы аралығында Ақмола облысы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы қызметiнде болды. 

2013 жылдан бастап 2018 жылдары аралығында Атбасар ауданының әкiмi, Аршалы ауданының әкiмi, Ақмола облысы әкiмi аппаратының басшысы, Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлiгi Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетiнiң төрағасы лауазымдарын атқарды. 

2019 жылғы сәуiрде Ақмола облысы әкiмiнiң орынбасары қызметіне тағайындалған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы