Ақмола облысында індет жұқтырғандардың көбі астана маңындағы ауылдарда тіркелген
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Төтенше жағдай режимі тоқтатылған уақыт ішінде Ақмола облысында COVID-19 індетін жұқтырғандар саны 134-ке жетті. Олардың дені елорданың іргесіндегі Қосшы, Қараөткел, Қоянды, Талапкер, Ақмол, Оразақ ауылдарының тұрғындары.
Қосшы селолық округі қауіпті індеттен көш бастап тұр. Аталған ауылда еліміз бойынша COVID-19 індетінен алғашқы адам көз жұмғаны белгілі. Қазір мұнда 30 жағдай тіркелді.
Бір апта ішінде індет екі есеге артты. Целиноград, Шортанды аудандарында КВИ тіркелді. Басты себеп - карантиндік шаралардың жұмсартылуы болып отыр. Целиноград ауданы Нұр-Сұлтан қаласының карантиндік аймағына кіретіндіктен, тұрғындар аудан аумағынан шығарылмағаны белгілі. Ал рұқсат берілгеннен кейін көп ұзаған жоқ, осыған дейін бірде-бір факті тіркелмеген ауылдарға COVID-19 тарады, - дейді облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.
Ол өңірде барлық еліміздегідей бұрынғысынша маска киюді қатаң сақтап, отбасылық той, спорттық, мәдени көпшілік шараларды өткізуге тыйым салынып отырғанын айтады. Сауда-ойын сауық орталықтары, кинотеатрлар, музейлер, театр, көрмелер әлі жабық.
Қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға қарамастан Целиноградтан басқа аудандар арасындағы блокпосттар алынды. Белгіленген уақыт бойынша көшеде жүруге шектеулер жоқ. Алайда маска кию, қолды залалсыздандыру, әлеуметтік арақашықтықты сақтау басты міндет болып отыр. Көкшетау қаласы орталықтандырылған ыстық сумен қамтылмағандықтан, моншалар ашылды. ТЖ кезінде жұмысын тоқтатпаған дәрігерлер, полицейлер, мемлекеттік қызметшілердің балалары үшін 13 балабақша жұмыс істесе, қазіргі күні 200-ге жуық мектепке дейінгі білім беру мекемелері ашылды, - дейді бас санитар.
20 мамырдан бастап өңірде қоғамдық тамақтану орындарында 30 адамға дейін қабылдауға рұқсат берілді.
Целиноград ауданының Қосшы, Талапкер ауылдарында қоғамдық тамақтану орындары бұрынғыдай онлайн режимде жұмыс істейді. Жазғы алаңдардағы дәмханалар да алдын ала жазылым, қатаң санитарлық талап жағдайында жұмыс істейтін болады, - деді Айнагүл Мусина.
20 мамырдан бастап ашылған фитнес-орталықтарға да санитарлық режим мен арақашықтықты қатаң сақтау міндеттелді.
Егер індет таралымы төмендесе, 25 мамырдан бастап жаттығу орындарының 30 % жұмысқа кіріседі. Олардың жұмыс уақыты қосымша хабарланады. Індеттің алдын алу мақсатында фитнес-зал иелеріне клиенттерге коронавируске тегін экспресс-тестілеуден өтуге ұсыныс жасауды тапсырылды. Індетті жұқтырушылардың саны кемісе, шектеулер де азаяр. Бірақ, оның өзі індет түп-тұқиянымен жойылып бітті деген сөз емес. Сақтықты, қорғанысты одан әрі жалғастыра беруіміз керек. Қаладағы сауда үйлеріндегі бөлімдер «Бес адамнан артық кіруге болмайды» деп жазып қойған. Бірақ бес емес, бөлімдерде он бес, жиырма адамнан жүр. Тексерушілер, заң талаптарын қадағалаушылар сонда кім үшін терлеп-тепшіп жүр? Мұның бәрі сақтық қамы емес пе? Әрине, той-томалаққа, қонаққа бармай, абыр-сабыр көптің ішінде ойнап-күлмей үйде отыру оңай емес. Бірақ, бұл тыйымдар еріккеннен шығарылған жоқ қой. Індетті таратпаудың ұтымды бір жолы осы болып тұрған жоқ па? Демек, оны орындау азаматтық парыз, міндет!, - дейді бас дәрігер.
Көкшетаулық тасымалдаушылар санитарлық қызметтен қалалық қоғамдық көлікті тоқтатуды талап етіп отыр.
Олар ұсынылған талаптарды орындай алмайтындарын айтады. Қоғамдық көлікте адам көбейген. Олардың көбі маска кимейді. Тұрғындар санитарлық талапқа салғырт қарайды. Карантин басталған тұста маска, қолғап киіп, антисептик құралдарын пайдаланатын. Қазір барлығы жайбарақаттыққа салынуда. Адамдар вирустың қауіпті екенін әлі де түсінбей жүр. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керек. Індет ағзада еш симптомсыз өршуі мүмкін. Бұдан былайға амандық өзіміздің тәртібіміз бен тәрбиемізге, санамызға, мәдениетімізге байланысты болмақ. Карантин кезінде ұстанған әдеттерімізді ұмытпай, тазалық сақтап, абай болуымыз керек. Бейғамдық қашанда бақытқа бастамайды, - дейді Айнагүл Мусина.