Облыс әкімі қызылордалық аналарды мерекемен құттықтады
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтағы белсенді нәзікжандылармен кездесті. Оларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, істеріне табыс, отбасыларына береке тіледі.
Облыс әкімінің пікірінше, әйел аналар отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, ұлттың өсуіне, елдің дамуына үлес қосуда.
«Қазіргі таңда педагогтардың – 73 пайызы, дәрігерлер мен медицина саласы қызметкерлерінің 87 пайызы әйелдер. Жалпы бюджеттік салада жұмыс істеп жатқандардың 60 пайызы әйелдер екен. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 35,4 пайызды құрайды. Саясатта да әйелдердің тұлғасы биіктей түсуде. Орта және шағын бизнесте де әйелдердің үлесі 80 пайыздан кем емес. Өңірлік инвестициялық орталық арқылы облыстық бюджеттен шағын несиеге 1 миллиард теңге қарастырыпып, бүгінгі таңда 258 жоба қаржыландырылған. Олардың ішінде 112 жоба әйел кәсіпкерлерге тиесілі», – деді Қырымбек Көшербаев.
Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов салтанатты жиында арнау айтып, аналар мен әйелдерді жырға қосты.
Ал жүздесуге жиналған аналар облыс әкіміне бүгінгі сый-құрметі мен қолдауы үшін рахмет айтты.
"Балаларымды аштық пен жоқшылық кезеңінде өсірдім, жұмыстан келіп пешті жиналған шеңгел жағып, сол шақтарда отбасын қалай асырап бағамын, оларға тамақ тауып беру, киіндіру керек деп ойлайтын едім. Қазір біз жақсы өмір сүрудеміз, жұмыс істесең – бәрі де болады", – дейді Батыр ана Ханымкүл Оспанова.
Сондай-ақ, Н.Бекежанов атындағы театрда салтанатты шара өтті. Мерекелік концертте республикаға танымал әншілер мен жергілікті жұлдыздар, олардың қатарында отбасылық жұп Жанболат пен Жазира өнер көрсетті.
"Облыс және аудан басшылығына мың алғыс. 2018 жылы кәсіпкерлерді қолдау жылында «Өзіңе өзің сене біл» атты облыстық мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында өткен байқаудың жеңімпазы атандым. Облыс әкімінің 1 млн тг көлеміндегі қаржылай сыйлығын жеңіп алдым. Әр адамның басында қиыншылық болады, тек соған мойынсынбау керек, басыңды тік көтеріп, тағдырдың сынағын қабыл алу, мықты адамның ғана қолынан келеді деп ойлаймын", – деді мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер Қасиет Орал.