Қарағанды облысына 800 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында инвестиция көлемі рекордтық көрсеткішке жеткен. Бұл жайында өңір басшысы Жеңіс Қасымбек халыққа есеп беруінде айтты.

Бүгінде Қарағанды аймағында 40 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Жобалардың жалпы құны 1 трлн теңгені құрайды. Оның ішіндегі 14 жоба шетелдік капитал тартудың арқасында мүмкін болып отыр.

Өткен жылы 109,1 млрд теңгеге 9 жоба іске қосылды. "YDD Corporation",  Қарағанды целлюлоза-қағаз комбинаты, Саран, Гүлшат, Ағадыр, Кеңгір елді мекендеріндегі күн электр станциялары,  "Аль-Фарух" көтерме-логистикалық орталығы, "Терма-Форм" зауыты, "Жанболат" шаруа қожалығы, "Сарыарқа" магистралды газ құбыры жобаларының іске асырылуы 1036 жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Аталған жобалардың іске асуы облысқа 800 млрд теңгеден астап инвестиция тартты, оның 92 пайызы жеке инвестиция. Бұл Қарағанды облысы үшін рекордтық көрсеткіш,- дейді әкім.

Жеңіс Қасымбек соңғы екі жылда инвестиция көлемі 2 есеге артқанын айтады. 2017 жылы бұл көрсеткіш 363,3 млрд теңгені құраса, 2018 жылы 490 млрд теңге болған.

Аймақ басшысы биылғы жылы инвестиция есебінен іске асырылатын жобаларға да тоқталды.

Ағымдағы жылы жалпы соммасы 319 млрд теңгені құрайтын 17 жаңа жобаның құрылысы басталады. Бұл 2470 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Оның ішінде Жәйрем кен байыту комбинаты жобасының құрылысын айтуға болады. 145 млрд теңгеге жоспарланған жоба Швейцариялық "Glencore" компаниясымен бірлесе жүзеге асырылмақ,- деді Ж. Қасымбек.

Сонымен қатар, өңдеуші өнеркәсіп саласында Долинное кен орнындағы алтын өндіретін фабрика, "Linde Gas" өндірістік газ өнеркәсібінің екінші зауыты, "Форевер Флоуришнг" болат дайындамасын өндіру зауыттарының құрылысы басталмақ.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы