Ақмола облысында 66 шақырым жол жөнделді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдарды орташа жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасуда.
Ақмола облысында жолшылар белгіленген мерзімнен бұрын жолдардың 2 учаскесін пайдалануға беріп отыр. Жөнделген жолдардың жалпы ұзындығы 66 шақырымды құрайды, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.Атап айтқанда, Р-7 "Бурабай курорттық аймағы жолы" (0-10 шақырымы) учаскесіндегі жұмыстар аяқталды.
Мердігер "Көкшетау жолдары" ұйымының мамандары жолдың қозғалыс бөлігін қалпына келтіріп, жолдың тегістеу қабатын жайластырды, жол жиегін нығайтты, жолдың қозғалыс бөлігін таңбалады. Жол жабындысының жоғарғы қабатын төсеу кезінде қиыршық тас және мастика қоспасынан жасалған беріктілігі жоғары асфальт-бетон қолданылды.
Бұдан бөлек, мердігер "Көкшетау – Атбасар" жолының (102-158 шақырым) 56 шақырымын орташа жөндеуден өткізу жұмыстарын аяқтады. Мұнда жол жабындысының жоғарғы қабатын жайластыру кезінде жолшылар ұсақ түйіршікті асфальт-бетонды пайдаланған болатын. Жөндеу жұмыстарына 33 адам мен техниканың 20 бірлігі жұмылдырылды, - делінген хабарламада.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы