Биыл Қарағанды облысында 440 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Аймақ басшысы Ерлан Қошановтың Қоғамық кеңестегі есеп беруінде көтерілген басты мәселенің бірі – тұрғын үй мәселесі. Қазіргі уақытта аймақта 36 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Жыл сайын баспаналы болатындардың қатары артып келеді.
Облыс әкімі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Бес әлеуметтік бастамаларын» жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілгендігін айтады. Елбасының «Әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» бірінші бастамасы аясында Қарағанды облысында өткен жылы 32 жоба іске асырылған.
«Өткен жылы облыста 417 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл дегеніңіз 4135 пәтер. 2018 жылы баспана 2017 жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға қарағанда көп салынды. Біз пәтер салудағы белсенді құрылысты тек Қарағанды қаласында ғана емес, Жезқазған мен Балқашта, облыстың барлық жерінде жүргізіп жатырмыз. Біздің басты міндетіміз баспананы барынша көп салу. Енді құрылыс жұмыстары бұдан да қарқынды болады. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Елбасының бастамасымен қолға алынған бағдарламаларды барынша іске асыруға тырысамыз. Қазіргі уақыттағы міндетіміз бағдарлалардың қамтитын аумағын кеңейту. Жоспарда Теміртау, Жезқазған, Балқаш қалалары», - деді есеп беруінде Е.Қошанов.
Облыс басшысы 2019 жылы баспана кезегінде тұрған мыңға тарта әлеуметтік аз қамтылған отбасы өз шаңырақтарына ие болатындығын айтты.
«Биыл 440 мың шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға беріледі. Бұл 2017 жылдың көрсеткішінен 1,5 есеге көп. «7-20-25» бағдарламасы бойынша жекеменшік құрылыс компаниялары мен банктермен жұмыс жасалды. Алдағы үш жылда олар аталған бағдарлама бойынша 3500 пәтер салады. Оның 1000-ға тартасы биыл пайдаланылуға беріледі», - деді өңір басшысы.
Облыс бюджетінен бастапқы жарнаны субсидиялауға бір миллиард теңге қарастырылған. «Тұрғын үй сертификаттарын» мыңнан астам отбасы алады. Сонымен қатар, 1 млрд теңге көлеміндегі қаржы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» пайыздық мөлшерлемені төмендетуге бөлінген. Бұл арқылы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар жылына 2 пайыздық мөлшерлемемен ипотекалық несие ала алады.