Obamacare: АҚШ-та миллионға жуық адам 500 доллардан өтемақы алады
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшіліктің артық жиналған қаражатты азаматтарға қайтаруды көздеп отырғанын мәлімдеді.
АҚШ-та Obamacare медициналық сақтандыру бағдарламасына қатысатын миллионға жуық азамат 500 доллар көлемінде өтемақы алады. Төлемдер қазан айында басталады, деп хабарлайды Reuters.
Ақ үйдің мәлімдеуінше, бұрынғы Джо Байден әкімшілігі Obamacare сақтандыру жоспарлары сатылатын федералдық платформада пайдаланушылардан алынатын алымдарды шамадан тыс жинаған. Бұл шығындар сақтандыру жарналарына қосылып, тұтынушылар төлейтін сақтандыру құнының өсуіне әсер еткен. Соның нәтижесінде платформаны басқаруға қажетті мөлшерден артық қаражат жиналған.
Өтемақы медициналық сақтандыруды федералдық Healthcare.gov платформасы арқылы сатып алған, бірақ сақтандыру жарнасын төлеуге мемлекеттік субсидия алмайтын 30 штаттың тұрғындарына беріледі.
Obamacare деп аталатын Қолжетімді медициналық көмек туралы заңға (Affordable Care Act) 2010 жылы сол кездегі президент Барак Обама қол қойған. Бағдарлама аясында азаматтарға табысына қарай медициналық сақтандыру жарнасын төлеуге субсидия беріледі.
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшіліктің артық жиналған қаражатты азаматтарға қайтаруды көздеп отырғанын мәлімдеді.
Алайда АҚШ Денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету министрлігі мен Ақ үй Reuters агенттігінің өтемақы алушыларды іріктеу талаптары, артық алымдардың қай кезеңде жиналғаны және 500 долларлық төлем мөлшерінің қалай есептелгені туралы сауалдарына әзірге толық түсініктеме бермеген.
Трамп әкімшілігі бұған дейін 2027 жылға арналған Obamacare бағдарламасының жаңа ережелерін де ұсынған. Ұсыныстардың бірі сақтандыру компанияларына жарнасы төмен, алайда медициналық қызметтер үшін азаматтың өз қалтасынан төлейтін шығыны жоғары болатын жаңа ұзақ мерзімді сақтандыру жоспарларын ұсынуға мүмкіндік беруді көздейді.