Оқушылардың барлығы жақын арада мектепке баруы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Алтынбек Нухұлы мектепке барып жүргендерге қарағанда қашықтан оқитындар COVID-19 індетін көбірек жұқтырғанын айтты.

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің күні кеше берген ақпаратында оқу жылының басынан оқушылар арасында COVID-19-дың 104 жағдайы тіркелген. Оның ішінде үйде отырып, қашықтан оқитын балалар арасында 71 жағдай, мектеп қабырғасында кезекші сыныпта оқитын 33 балада анықталған. Яғни, дәстүрлі оқитын балалардың саны үйде отырып, қашықтан оқитын балалардың санына қарағанда, екі есе аз,- дейді Алтынбек Нухұлы.

Ол жыл сайын ауыл мен қала оқушылары арасында білім сапасы бойынша мәселе көтеріліп келеді. Қашықтан оқу бұл мәселені одан әрі алшақтатуы әбден мүмкін деп отыр. 

Бізге қашықтан оқу процесі енгізілген күннен бастап еліміздің барлық өңірінен 5-тен 11-сыныпқа дейінгі оқушыларды дәстүрлі оқытуға жіберу туралы ұсынысхаттар түсуде. Соның бір дәлелі ретінде Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті мүшелерінің Семей қаласы мен Абай ауданына жұмыс сапарындағы кездесуде мектеп мұғалімдері мен ата-аналар барлық санитарлық норманы сақтай отырып, барлық ауылдық мектепті дәстүрлі оқуға көшіруді ұсынды. Ауылдағы балалардың қарым-қатынасы қалаларға қарағанда қауіпсіз деп отыр. Себебі ауылдың тыныс тіршілігі мен табиғи ортасын ескеру керегін атап өтті. Біз бұл ұсынысты Үкіметке жеткізуді уәделестік, - деді депутат.

Ол тек бастауыш сынып емес, контингенті 181-ден 600 адамға дейінгі ауылдық жердегі мектептердің 5-11-сынып оқушыларына да кезекші топты кезең-кезеңімен ашу қажеттігін айтып отыр.

Осыған байланысты бізді ауылдық жерде орналасқан қашықтан білім алатын контингенті 181-ден 600 адамға дейінгі мектептерге қатысты мәселе алаңдатады. Біздің ойымызша қоғамдық көлікті қажет етпейтін елді мекендердегі осындай мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, бірнеше ауысым арқылы штаттық режимде оқи алады деп ойлаймыз.

Құрметті Ералы Лұқпанұлы (вице-премьер Тоғжанов - тілші) ауылда білім беру сапасын жақсарту мақсатында «Карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңмен жеңілдету туралы» ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2020 жылғы 15 тамыздағы № 48 қаулысына 181-ден 600 адамға дейінгі контингенті бар, балаларының саны бір сыныпта 15 адамнан аспайтын, ауылдық жерде орналасқан мектептердің жұмыс істеуін кезең-кезеңмен шешу бөлігінде өзгерістер енгізуді сұраймыз, - деді сенатор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы