Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің құрылатындығы қуантты – қоғам қайраткері

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Осынау байтақ даламызды мекен еткен қазақ халқы биыл айрықша маңызды һәм тарихи оқиғаларды бастан өткерді. Солардың бірі ретінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында салтанатты түрде ұйымдастырылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімін айтуға болады.

Тараз қаласында тұратын қоғам қайраткері, бұрынғы Сенат депутаты Жандар Кәрібаев осындай пікірде.

«Мемлекет басшысының алдағы уақытта атқаратын істерін, алға қойып отырған мұрат-мақсаттарын бар зейініммен, өте мұқият тыңдадым. Бүгінгі қоғамның бас ауруына айналған негізгі мәселелерге жіті назар аударып, шешу жолдарын нақты ұсынғандығы көпшіліктің шын мәнінде ырзалығын тудырды. Әсіресе, Президент атаған он маңызды бағыттың орындалуы елімізді өркендете түсетіндігіне де ешбір талас жоқ», - деді экс-сенатор.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қолмен қойғандай белгілеп берген он бағыттағы шаруаларды дереу қолға алу керектігін жеткізді. Өйткені, олар қазақ жұртының көкейіндегі дүниелерді қамтыған, дәл қазіргі шақтағы өзекті мәселелерді қаузаған.

Жандар Кәрібайұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Қазақстанның ұлттық мүддесін әрқашан және барлық жерде қорғайтын боламын», деген сөзін алға тартып, бұны туған халқын шексіз сүйетін парасатты перзенттің сөзі деп бағалады.

«Жеке өзіме жақын арада Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің құрылатындығы керемет ұнады. Ауыл-аймақтардағы ағайынмен пікірлескенімде, үлкені де, кішісі де осы құрылымның ірге қалап, елге қызмет ететініне ризашылық танытуда. Ең бастысы, осы жаңалыққа зор сенім білдіруде», - деді қоғам қайраткері.

Оның айтуынша, шын мәнісінде халықтың бірлігі мен ынтымағын, келісімін нығайтуға ел ағаларының қосатын үлесі қомақты. Алайда, ондай азаматтар жұрт ішінде туындаған қандай да бір мәселелерді Президентке жеткізе алатын, салмақты сөйлей алатын тұлғалар болғаны жөн.

«Дәлірек айтқанда, ол қарапайым бұқара мен биліктің арасын жалғайтын ынтымақ пен бірліктің алтын көпірі болғаны абзал. Тамыз айында құрылуы жоспарланған аталған кеңеске халық арасынан бірлікке ықпал ете алатын адамдар сайланса деген өз ұсынысымды білдіремін», - деді Жандар Кәрібайұлы.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы