Қоғамдық кеңесте тұрғын үй бағдарламасының іске асуы талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында «NurOtan» партиясы жанындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің бес әлеуметтік бастамасын іске асыруды бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Оған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев қатысты.

ҚР ИИДМ баспасөз қызметнің хабарлауынша, Қайырбек Өскенбаев «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру бойынша министрлік жүргізіп жатқан жұмыстар мен аз қамтылған отбасылар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру бойынша қабылданған шаралар туралы есеп берді.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылыс алаңдарын құру үшін инженерлік желілер тарту қаржысын 100 млрд.теңгеге дейін арттыру қарастырылды және халықтың ипотекасын субсидиялау алынып тасталды.

Сонымен қатар, өңірлерде алғашқы тұрғын үйге қол жетімділікті арттыру үшін тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына ғана емес, екінші деңгейдегі банк салымшыларына да кредиттік тұрғын үйді сату қарастырылған.

Бұдан басқа, «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысушылар үшін тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің займдары бойынша бастапқы жарна 30%-тен 20%-ке дейін төмендетілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін өңірлермен бірлесіп жеңілдетілген ипотека бойынша бастапқы жарналарды тұрғын үй сертификаттары түрінде ішінара субсидиялау механизмі әзірленді.Тұрғын үй сертификаттарын беру әлеуметтік көмек немесе бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау ретінде қарастырылады», - деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.

Кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды ұлғайту үшін «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілетін өзгерістер аясында қаражатты инвестициялау туралы нормалар көзделген. Соның ішінде «Баспана» бағдарламасын жергілікті атқарушы органдардың облигациялары бойынша іске асыру қарастырылған.

Сыйақының нарықтық ставкасын жабу үшін әкімдіктер салынған тұрғын үйді Құрылыс құнынан асатын бағамен сатуға құқылы (шамамен өңірлерде 176 мың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау қалаларында 220 мың).

"Бұл ретте, әкімдіктер бюджет мүмкіндіктерін, қарыз лимиттерін және жобалардың болуын ескере отырып, сатып алуды айқындайтын болады.Елбасының «Nur Otan» партиясының съезінде берген тапсырмасын іске асыру үшін «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында аз қамтылған отбасылар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру шаралары әзірленді", - делінген таратылған ақпаратта.

Жыл сайын көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңгеден бөлу көзделіп отыр.Бұл жыл сайын 6 мың көп балалы отбасын, ал 2025 жылға дейін 40 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Биылғы жылға 3 130 пәтерлі құрылыс жобаларының тізімі жасалды. Лимит сома бойынша әр өңір үшін әкімдіктер кезегіндегі көп балалы отбасылар санына пропорционалды түрде белгіленген.

Сондай-ақ тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы көп балалы, толық емес отбасыларды және мүгедек балалары бар отбасыларды жылдық ставкасы 2% болатын, бастапқы жарнасы 10%-тен басталатын 20 жылға дейінгі мерзімге жеңілдікпен несиелендіру енгізілуде.

Бастапқы жарнаның бір бөлігі тұрғын үй сертификатымен жабылады.

Аталмыш механизмді іске асыру үшін 3 жыл ішінде 150 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл жыл сайын 6 мың займ беруді қамтамасыз етеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы