Қоғамдық көлік бағыттары әкімдікпен қосымша субсидияланады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Біздің мақсатымыз – жол жүру тарифтерінің өсуіне жол бермеу. Шаһарда әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көліктердің бағыттары әкімдікпен қосымша субсидияланады. Бұл туралы Алматы әкімі халыққа есеп беру кезінде айтты.

Бұл бағытта 2021-2022 жылдарға біз ұсынған есеп бойынша орташа тарифпен 154 әлеуметтік бағыттарға 200 теңге көлеміндегі субсидия 47,4 млрд теңгені құрайды, – деді қала әкімі.

Оның айтуынша, 2019 жылы субсидия 23,1 млрд теңгені құраған, ал биыл 24,2 млрд теңге бөлініп отыр. Оның ішінде жеңілдетілген санаттағы жолаушылар үшін тікелей өтемақы 4 млрд теңгені құраған.
Алматыда қоғамдық көлікті жаңғырту жұмыстары қарқын алуда. 2019 жылы 450 жаңа автобус сатып алынды. Барлығы қаладағы автобус паркі 92%-ға жаңартылды. 2020 жылға 401 автобус сатып алу жоспарланған. Айта кету керек, биылғы жылдан бастап қалада көбінесе газбен жүретін электроавтобустарды сатып алуға көңіл бөлінбек. 2019 жылы алғашқы 10 электроавтобус іске қосылды. Бұл қала экологиясына зиян тигізбеуге, сондай-ақ қала тұрғындарының жайлылығы мен мобильділігін арттыруға мүмкіндік берді, - деді Сағынтаев.

Сонымен бірге ол жолаушылар тасымалын субсидиялау сомасы да артатынын жеткізді. Алматыдағы қоғамдық көліктерде жол жүрудің орташа құны 200 теңгені құрайды екен, оның 80 теңгесін жолаушылар төлейді. Бұл айырмашылық қалалық бюджет есебінен өтеленіп отыр. 
Халық санының өсуіне және қала аумағының кеңеюіне байланысты маршруттық желіні оңтайландыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Қаланың маршруттық желісі 5 мыңнан астам шақырымды құрайды. Өткен жылы тұрғындардың өтініші бойынша 14 жаңа бағыт ашылды. Оның 8-і қала сыртына бағытталады. Бұл маршрут желісі қаланың орталық бөлігін шеткі аймақ және облыстармен байланыстыруға мүмкіндік береді. Мысалы, Боралдай ауылын Алматы-1 теміржол вокзалымен қосатын №10 маршрут іске қосылды. Көліктік қызмет көрсету сыйымдылығы орташа автобустармен жүргізіледі, - деді әкім.

2020 жылы күн сайын 291 автобус шығатындай 24 қалалық және қала маңындағы маршруттар ашу жоспарланған. Сондай-ақ, Алматы – Қапшағай қала маңы маршрутын ұйымдастыру мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді.
Бұл шаралар орташа жолаушылар ағынын күніне 850 мыңнан 1,2 млн адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, ҚТЖ ҰК АҚ-мен Алматы облысының жақын қалаларына электр пойыздарын іске қосу жобасы әзірленуде. Бұл қаладағы кіріс жолдарына түсетін жүктемені азайтуға, қала маңындағы елді-мекен тұрғындарының мобильділігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді ол.

Еске салсақ, Алматы қаласы әкімінің есептік кездесуіне рекордтық 4 мың адам жиналды.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы