Үнзила Шапақ Конституциялық Кеңестің мүшесі болып тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үнзила Шапақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қаулысымен Конституциялық Кеңестің мүшесі болып тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің баспасөз қызметі хабарлады.

Үнзила Шапақ 1973 жылы 30 сәуірде Моңғол Халық Республикасында дүниеге келген.

1991 жылы Ұлан-Батор қаласы Налайх ауданында математикалық бағыттағы №2 орта мектепті үздік бітірген.

1996 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік аяқтап, "құқықтану" мамандығын алып шығады.

2001 жылы "1640 Жылғы Моңгол-Ойрат заңы" атты тақырыпта диссертация қорғап, заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне жетеді.

2006 жылы "Құқықтану" мамандығы бойынша доцент дәрежесіне ие болады.

2007-2010 жылдары Қазақ гуманитарлық-заң университеті Мемлекет жəне құқық теориясы мен тарихы кафедрасының докторантурасында оқиды. 2010 жылы "Қалмақ хандығының саяси құрылымы жəне құқықтық жүйесі (1664-1771 жж.)" атты тақырыпта заң ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне диссертация қорғайды.

2012 жылы "Экономика" мамандығы бойынша "Қазтұтынушылародағы" Қарағанды экономикалық университетін аяқтайды. Еңбек жолын Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің Заң факультетінде кафедра оқытушысы қызметінен бастайды.

1996-1998 жылдары Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Құқық негізі, Мемлекет жəне құқық теориясы мен тарихы кафедраларында оқытушы қызметінде болады. 

2001-2004 жылдары жоғарыда аталған университеттің Мемлекет жəне құқық теориясы мен тарихы кафедрасының аға оқытушысы қызметінде болады.

2004-2007 жылдары Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Мемлекет жəне құқық теориясы мен тарихы кафедрасының доценті қызметін атқарады. 2009 жылы қосымша кафедра меңгерушісінің функцияларын орындайды.

2004 - 2014 жылдары – "ҚазГЗУ университеті" АҚ жанындағы Ғылыми талдау жəне сараптама институтының сарапшысы. Сыбайлас жемқорлық факторлары жəне ғылыми-құқықтық сараптама бойынша 100-ден астам нормативтік құқықтық актілер мен заңға тәуелді актілерге сараптама жасады.

2009-2011 жылдары Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Мемлекет жəне құқық теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады.

2010-2015 жылдары – Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Заң шығару институты Лингвистикалық сараптама орталығының бас ғылыми қызметкері. Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілеріне жəне шетел мемлекеттерімен жасалған халықаралық шарттарға сараптама жүргізді.

2011-2014 жылдар аралығында "ҚазГЗУ" АҚ Ұлттық құқық жоғары мектебінің директоры қызметін атқарды.

2014 - 2016 - "ҚазГЗУ Университеті" АҚ Ұлттық құқық жоғары мектебінің директоры.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2016 жылғы 3 наурыздағы № 923-V СП қаулысымен ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі болып тағайындалды.

Мемлекет жəне құқық теориясы, шетелдік мемлекет жəне құқық тарихы бойынша оқулықтар мен 100-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.

2001, 2009 жылдары Қазақстан Республикасының Білім жəне ғылым министрінің Құрмет грамоталарымен,

2002 жəне 2010 жылдары – Қарағанды жəне Астана қалалары әкімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

2010 жылы Қазақстан Республикасының Білім жəне ғылым министрлігі жанындағы Республикалық оқу-əдістемелік секциясы "Құқық" мамандығы топтары бойынша "Жылдың ең үздік доценті" номинациясының жеңімпазы болды.
"15 лет КАЗГЮУ" мерейтойлық медалімен, "Ерен еңбегі үшін", "Қазақстан Республикасы Конституциясына 20 жыл" медальдарымен марапатталды. 

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 29 қарашадағы №380. Жарлығымен "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалімен марапатталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы