Нью-Йоркте Ядролық қаруды таратпау туралы шарты шолуының перспективалары талқыланды
Бұл туралы СІМ-нің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ядролық қаруды таратпау туралы шарты шолуының мүмкіндіктері мен сын-қатерлерін Қазақстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі БҰҰ Қарусыздану жөніндегі басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған Ядролық мәселелерді талқылау жөніндегі форумда халықаралық сарапшылар мен дипломаттар қарастырды.
ЯҚТШ шолу циклін талқылау ядролық қаруды таратпау және оны қарусыздандыру бойынша жедел шаралар қабылдау саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. 2022 жылдың тамыз айында өткен ЯҚТШ бойынша Шолу конференцияның Қорытынды құжатты қабылдамағандықтан күрделі жағдай одан да қиындады. Бұдан бұрын ұқсас жағдай 2015 жылы тоғызыншы Шолу конференцияның қорытындысы бойынша да қалыптасты.
ЯҚТШ жаһандық қарусыздану және таратпау режимінің маңызды құралы. Ол ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі халықаралық құқықтық міндеттемелерді, сондай-ақ ядролық технологияны бейбіт мақсатта пайдалануды дамытуға көмектесетін шараларды біріктіреді.
БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – Қарусыздану мәселелері жөніндегі Жоғары өкіл Изуми Накамицу, сондай-ақ Қазақстан, Малайзия, Нидерланд, АҚШ және Оңтүстік Африка елшілері Шарттың орындалуын қарау процесінде белсенді елдердің топтары атынан ЯҚТШ-ны қайта қарау циклінің келешегі туралы өз пікірлерімен бөлісті.
Форум сессиясын аша отырып, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Ақан Рахметуллин мемлекеттер Шартты қайта қарауға қатысты күрделі жағдайға байланысты өзара қолайлы шешімдерді табуға күш салу қажеттігін атап өтті.
Форумға қатысушылар ядролық державалар арасындағы шиеленістің күшеюі, ядролық текетірес қаупінің артуы және қару-жарақты бақылаудың жаһандық архитектурасының эрозиясының аясында ЯҚТШ шолу үрдісі маңызды сәтте өтіп жатқанын атап өтті. Осы себептерге байланысты ЯҚТШ шолуының тұйықтан шығу жолдарын табу ядролық қарусыздану және таратпау режимін нығайтуға, сондай-ақ ядролық қарусыз әлем құрудың ортақ мақсаты үшін міндеттемелерді растау және оларды жүзеге асыруына негізделген нақты және адал күш-жігерді жұмсауға мүмкіндік береді.
Қазақстанның Тұрақты өкілдігі алаңында өткен форум қатысушыларға сенімді жағдайда ядролық қарудың таралу қаупін азайту, қарусыздану үдерісіне ортақ көзқарасты арттыру үшін не істеуге болатынын талқылауға, сондай-ақ қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану құқықтарын бұзбай, ядролық қаруды таратпау құралдарын қалай жетілдіруге болатынын және басқа да мәселелерді тағы да талқылауға мүмкіндік берді.