Нью-Йоркте ер адам МРТ аппаратының кесірінен қаза тапты

Нью-Йорк қаласындағы медициналық орталықта қайғылы оқиға тіркелді. 61 жастағы Кит Макаллистер есімді ер адам әйелі Эдриенн Джонс-Макаллистерді магниттік-резонанстық томография (МРТ) процедурасы кезінде қолдауға барған, деп хабарлайды BAQ.KZ Associated Press-ке сілтеме жасап. 

Алайда ол сканерлеу жүріп жатқан кезде МРТ бөлмесіне кіріп кетіп, мойнындағы ауыр темір шынжырдың салдарынан жұмыс істеп тұрған құрылғыға тартылып қалды. Ер адам құрылғыға қатты соғылып, есінен танып қалған. Дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Бұл туралы Нассо округінің полициясы мен марқұмның жұбайы Associated Press агенттігіне хабарлады.

Оқиға 2025 жылғы 16 шілде күні күндіз Nassau Open MRI медициналық орталығында болған. Ер адам келесі күні көз жұмған, алайда бұл жағдай туралы толық ақпарат тек қазір белгілі болды.

Эдриенн Джонс-Макаллистердің айтуынша, ол тізесіне МРТ түсіріп жатқанда, аппараттан тұруға көмектесу үшін күйеуін шақыруды техникен өтінген. Техник күйеуін шақырып, ол бөлмеге мойнында шамамен 9 келі тартатын жаттығуға арналған шынжырмен кіріп кеткен.

Ол кірген сәтте аппарат оны айналдырып, ішіне қарай тартып алды. Ол құрылғыға соғылып, есінен танып қалды. Мен айқайлап жібердім: “Құрылғыны өшіріңіз! Жедел жәрдем шақырыңыз! Бірдеңе істеңіздер! Осы қарғыс атқан нәрсені тоқтатыңыздар!” Ол менің қолымда ес-түссіз жатты, – дейді Эдриенн көз жасын тыя алмай.

Оның сөзінше, техник күйеуін аппараттан тартып шығаруға көмектеспек болған, алайда магнит өрісінің күшінен бұл мүмкін болмаған.

Ол маған қоштасқандай ишарат жасады да, денесі босап, сүлесоқ күйге түсті, – дейді Эдриенн Джонс-Макаллистер.

Кейін күйеуін құрылғыдан ажыратқан соң, оның жүрегі тоқтап қалған.

АҚШ Ұлттық биомедициналық визуализация және биоинженерия институтының мәліметінше, МРТ аппараттары «өте қуатты магнит өрісін» пайдаланады және «темір заттар мен кейбір болат түрлері сияқты магниттік материалдарға күшті әсер етеді». Институт хабарламасында мұндай құрылғылардың «мүгедектер арбасын бөлменің арғы шетіне лақтырып жіберуге шамасы жететіндей қуатты» екені айтылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: AP Photo/Keith Srakocic, File
Өзгелердің жаңалығы