Нығматулиннің дәл қазір қайда жүргені белгісіз – Антикор

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бұрынғы мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулиннің дәл қазір қайда екені әлі анықталмағынын жеткізді,  деп хабарлайды BAQ.KZ .

Антикордың ресми өкілі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, Арғын Нығматулинге қатысты қылмыстық кодекстің 186-бабы бойынша қозғалған іс 2024 жылдың 7 желтоқсанында бас прокуратураға жіберілген.

Біз қазір тергеуге байланысты түсініктеме бере алмаймыз. Бірақ, әкімшілік-процессуалдық кодекстің 65-бабы, 1-бөлігіне сүйене отырып, іздеу шаралары біздің тарапымыздан жүргізіліп жатқанын айтқым келеді. Бұл адамды іздестіру бойынша жедел шараларды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізіп жатыр. Іздеу жұмыстары жалғасуда, өкінішке қарай, бұл тұлғаға қатысты басқа ақпарат бере алмаймын, - деді ол брифингте.

Ресми өкілдің сөзіне қарағанда Арғын Нығматулин Қазақстан аумағында болмауы мүмкін, себебі оған халықаралық іздеу жарияланған.

Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура хабарлағандай, Арғын Нығматулинге және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы ("Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе иемдену") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сот Нығматулинге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді, оған іздеу жарияланды.

Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, Арғын Нығматулин – Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулин мен бұрынғы депутат Ерлан Нығматулиннің үлкен ағасы. Ол бір жылдары "Сарыарқа" хоккей клубын басқарған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Бұрынғы Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Зайруллаұлына іздеу жарияланғаны мен Нығматулиннің қанша жылға сотталатыны туралы жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы