Нығматулин Павлодар облысының тұрғындарын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Павлодар облысының тұрғындарына мемлекеттік наградаларды табыс етті, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.
Нұрлан Нығматулин Павлодар облысы егемен еліміздің қалыптасуына, өсіп-өркендеуіне, дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан ірі орталық және индустриалдық аймақ екенін атап өтті.
Бүгінгі күні осы аймақта Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық идеялары және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың маңызды бастамалары табысты жүзеге асырылып, олар тек облыстың ғана емес, жалпы еліміздің экономикалық дамуына зор ықпал етіп келеді, – деді Мәжіліс төрағасы.
Сонымен қатар Палата Спикері Павлодар облысы – инновациялық-индустриялық даму, ірі өнеркәсіп, мұнай, электр өнімдерін өндіру сияқты басқа да салада жоғары көрсеткіштерге ие болған, мемлекетіміздің әлеуметтік, экономикалық дамуына ықпал етіп келе жатқанын аймақ екенін ерекше атап өтті.
Еліміздің және өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін павлодарлықтар жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды.
Атап айтқанда, II дәрежелі «Барыс» ордені мұғалім Наталья Покидова, «Парасат» ордені Еңбек ардагері Әби Сарқыншақовқа табысталды. «Құрмет» орденін көмір кенішінің машинисі Сергей Щербаков, ақындар Ғалымбек Жұматов пен Арман Қани иеленсе, ал III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін – сығымдаушы Эдик Балтабаев, энергоблок машинисі Анатолий Камнев, жабдықтарды жөндеу қызметінің шебері Владимир Леванин, «Ақсу» ферроқорытпа зауытының балқытушысы Орал Мырзатаев иеленді.
«Ерен еңбегі үшін» медалі тарихшы, өлкетанушы Эрнест Соколкинге, дәрігерлер Елтай Батхолдинге және Зинаида Раздорскаяға, орман шебері Владимир Покорскийге, кәсіпкер Гүлмира Нұрхановаға берілді. Қазақстан Республикасының «Құрмет грамотасымен» «Қазақстанның Қызыл Жарты Ай қоғамы» облыстық филиалының басшысы Гүлнар Исақанова, А.П. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театрының жетекшісі Виктор Аввакумов марапталды.