Нығматулин мен ЕКПА төрағасы ынтымақтастық бағыттарын талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Рик Демспен кездесті. 

Іс-шара барысында Нұрлан Нығматулин биылғы жыл еліміз үшін айтулы оқиға Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы екенін атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде өтіп жатқан саяси жүйені реформалау, экономиканы жаңғырту, азаматтық қоғамды дамыту үдерістеріне ерекше назар аударды.

Мәжіліс төрағасы мәртебелі мейрамға сайлау процесін демократияландыру және сайлау заңнамасын жетілдіру, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, парламенттік оппозиция институтын заңнамалық деңгейде бекіту мақсатындағы кешенді реформаларды атап өтті.

Өз кезегінде, Рик Демс Қазақстанның Парламентте әйелдердің өкілдік ету жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалайтынын айтты.

Одан әрі тараптар Қазақстан мен Еуропа кеңесінің ынтымақтастығын дамытуды қолдай отырып, өзара іс-қимыл бағыттарын, оның ішінде Қазақстанның бірқатар еуропалық конвенцияға қосылу, сондай-ақ экология және климат мәселелері бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Нұрлан Нығматулин Омбудсмен институтын дамыту арқылы адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, бала құқықтарын қорғау, еріктілер қызметі және т. б. салалардағы қазіргі уақытта Парламентте жалғасып жатқан жұмыстар туралы айтты.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы