Нығматулин: Депутаттардың заң жобасы әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әлеуметтік кәсіпкерлік мәселесі заң деңгейінде реттеліп, оның мәртебесі нақты айқындалуы тиіс екеніне назар аударды.

Бүгінгі жалпы отырыста депутаттардың бастамасымен әзірленген әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелер туралы заң жобасы I оқылымда мақұлданды. 

Құжатқа сәйкес, субъектіні әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізу туралы шешімді өңірлік комиссия қабылдайтын болады. Оның құрамына кімдер кіретінін және оның жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету қалай жоспарланып отырғанын депутаттар назарға алды. 

Қандай комиссия, қандай кәсіпкер болса да ол жергілікті халықтан артық білмейді.  Сондықтан, бұл комиссияға қоғамдық өкілдердің кіргені дұрыс – деді Мәжіліс төрағасы. 

Палата спикерінің айтуынша, заң жобасы «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымын, бизнес субъектілерін кәсіпкерліктің осы түріне жатқызу санаттарын анықтап, әлеуметтік кәсіпкер көмектесетін немесе оның кәсіпорнының штатында болуы тиіс халықтың әлеуметтік осал топтарының тізбесін нақтылайды. 

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, осының бәрі бизнестің әлеуметтік маңызды бағытын дамытуға мақсатты мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. 

Жалпы отырыс барысында Мәжіліс төрағасы өңірлік комиссия тізілімге енгізу үшін әлеуметтік кәсіпкерлердің өтінімдерін жинайтынын атап өтіп, осы тізілімде тұрған кәсіпкерлердің қосымша екі түрі бойынша салық жеңілдіктері болатынына (бұл мүлік салығын төмендету, сондай-ақ салық салынатын кірісті азайту) тоқталды. 

Жалпы заң жобасында әлеуметтік кәсіпкерліктің ұғымдары мен негізгі міндеттерін бекіту, қандай да бір ұйымды әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне және әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі бағытталған халық санаттарына жатқызу өлшемшарттарын айқындау көзделеді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы