Нығматулин депутаттың Бозжыра мәселесіне қатысты қойған сұрағы орынсыз екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Nur Otan партиясы парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев Бозжыра мәселесіне қатысты сұрақ жолдаған еді. 

Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында орналасқан Бозжыра шатқалына байланысты әртүрлі пікір әлеуметтік желіде жазалып жүр. Тек қазақстандық емес, шетелдік саяхатшылар мен блогерлер де пікір білдіріп жатыр. Қазір халықтың пікірі екіге бөлініп отыр. Кейібіреуі қолдаса, кейбіреуі қолдамай отыр. Бозжыраға байланысты салынатын құрылыстың инвесторы кім? Экология мен қоршаған ортаға қандай әсер етуі мүмкін?, - деген сұрақты депутат Самат Мұсабаев Мәдениеті және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға жолдады. 

Алайда Нұрлан Нығматулин бұл сұрақ тікелей отырысқа қатысты емес екенін айтты. 

Мұсабаевтың сұрағы тікелей сайлауалды бағдарламаға қатысты мәселеге жатпайды. Байланыс жоқ. Түсінікті нәрсе, сұрақ бар. Біз бүгін сайлау бағдарламасының Жол картасы туралы айтып отырмыз. Оған байланысты болса сұрақ қою керек. Ақтоты Рахметоллақызы, сұраққа қазір жауап бересіз бе әлде жеке жауап бересіз бе?, - деді Нығматулин. 

Өз кезегінде министр Ақтоты Райымқұлова Нығматулинді қолдап, бүгінгі отырыста Жол картасы бойынша сұрақтарға жауап беріліп жатқанын айтты. 

Бірақ бұл сұрақтарға жауап беруге дайынмын. Жазбаша немесе кездесіп жауап бере аламын, - деді министр. 

Нығматулин сұрақтың маңызды емес екенін жоққа шығармайтынын айтты. 

Бірақ оның орны болуы керек. Бұл сайлауалды бағдарламасы бойынша Жол картасы. Министр сізге өзі жауап береді, - деді ол.

Айта кетейік,  Nur Otan партиясы парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлау бағдарламасын орындаудың Жол картасы талқыланды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы