Нығматулин Әзербайжанның Қазақстандағы елшісін қабылдады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадовты қабылдады.
Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту төңірегінде ортақ ойларымен бөлісті.
Сондай-ақ, кездесуде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы әріптестікке қатысты бірқатар мәселелер талқыланып, палата спикері елшіге екі ел қарым-қатынасын, соның ішінде, парламентаралық байланысты нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті.
Палата төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдер арасындағы бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға күш салып, Әзербайжанмен өзара байланыстың ерекше маңыздылығына назар аударатынын айтты.
Сонымен қатар Нұрлан Нығматулин Әзербайжан Қазақстанмен стратегиялық серіктес ел ғана емес, бауырлас мемлекет екенін, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакумен ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін алға тартты.
Өз кезегінде мәртебелі мейман Қазақстанмен барлық салада әріптестік орнатып, парламентаралық өзара іс-қимылды жандандырып, сондай-ақ сауда-экономикалық қатынастың берік негізі қаланғанына тоқталды.
Нұрлан Нығматулин мен Рашад Маммадов парламентаралық диалогты нығайту Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.