Нығматулин АҚШ конгрессмендерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин АҚШ Конгресі Өкілдер Палатасы мүшелері Дэвин Нуньес және Рико Кроуфордпен кездесті, деп хабарлады Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.

Палата Спикері атап өткендей, АҚШ-пен өзара тиімді жан-жақты байланысты дамыту еліміздің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Нұрлан Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы қаңтарда Америка Құрама Штатына жасаған ресми сапары екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптесікке серпін бергенін атап өтті. Осы ретте Мәжіліс төрағасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалыптасқан сыртқы саяси ұстанымды сақтай отырып, әлеуметтік-экономикалық дамуға арналған стратегиялық бағытты жалғастырып келе жатқанына назар аударды. 

Тараптар екіжақты қарым-қатынасты дамытудың, соның ішінде халықаралық қауіпсіздік, энергетика, ауылшаруашылығы басқа да салалар бойынша ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Өз кезегінде Дэвин Нуньес біздің еліміздің көптеген бағыттар бойынша жетістіктеріне жоғары баға берді. Сондай-ақ, елдеріміз арасындағы лаңкестікпен күрес бойынша сындарлы байланысқа көңіл бөлді.

Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин парламентаралық ынтымақтастық туралы да сөз қозғап, Мәжіліс депутаттарының АҚШ әріптестерімен заң шығару жұмысында тәжірибе алмасуға ынталы екенін жеткізді.         
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы