Нығматулин жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың аймақтарға сапары аясында жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келді, деп хабарлады Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.
Палата Спикері өңірге жоспарланған сапарын биыл туғанына 175 жыл толатын Ұлы ағартушы, кемеңгер тұлға Абай Құнанбайұлының туған жерінен бастады.
Семей қаласында Нұрлан Нығматулин "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық мұражайында болды.
Мәжіліс Төрағасы Ұлы Абай қазынасы Қазақстан халқының рухани игілігі екенін алға тарта келіп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет Басшысы Қасым -Жомарт Тоқаевтың ұлы ақын шығармаларын кеңінен насихаттауға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президентінің "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" мақаласында Абай шығармаларын сақтау мен Семейдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты алға қойған міндеттердің маңыздылығына тоқталды.
Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, оларды жүзеге асыру әлемдік деңгейдегі тұлғаның 175 жылдығын жоғары деңгейде өткізумен қатар, еліміздің тарихи-мәдени мұраларын одан әрі нығайтуға жол ашатыны сөзсіз.