Нығматулин мен ТүркПА бас хатшысы ынтымақтастық әлеуетін талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) бас хатшысы Алтынбек Мамаюсуповпен кездесті.

Кездесу барысында X пленарлық отырысқа дайындық мәселелері талқыланды. Парламент өкілдерінің форумын өткізу биыл Қазақстанда жоспарланған болатын. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты оны өткізу келесі жылға ауыстырылды. 

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин келешекте аталған індетке байланысты жағдайдың тұрақтанып, түркітілдес елдердің Парламент өкілдеріне ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен оның перспективалық бағыттарын толық ауқымды форматта талқылауға мүмкіндік болатынына сенім білдірді. 

Өз кезегінде ТүркПА бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов Ассамблеяның қызметі туралы хабардар етіп, оның жұмысы қазіргі жағдайларға бейімделгенін атап өтті. Мәселен, ТүркПА-ға мүше Парламент депутаттары, ең алдымен, денсаулық сақтау саласы мәселелері бойынша өзара белсенді іс-қимыл жасауда.

Жүздесу барысында тараптар түркітілдес елдер парламентшілерінің кең ауқымды мәселелер бойынша одан әрі жемісті жұмыс істейтініне сенім білдірді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы