19 Қараша 2026, 00:30 Фото: depositphotos.com

Nvidia Қытайға жасанды интеллект чиптерін жеткізуді тоқтатты

Бұған дейін АҚШ 2022 жылы Қытайға озық чиптер экспорттауға шектеу енгізген.

Nvidia компаниясы Қытайға АҚШ экспорттауға рұқсат берген қуатты жасанды интеллект чиптерін жеткізуді тоқтатты. Бұл туралы компанияның уақытша бас директоры Колетт Кресс мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters.

Оның айтуынша, 25 қазанда аяқталған тоқсанда Nvidia Қытайға 2,4 млрд долларлық лицензияланған Hopper буынының деректер орталықтарына арналған өнімдерін сатқан. Алайда қазір компания бұл өнімдерді Қытайға жеткізуді жоспарлап отырған жоқ. Кресс жеткізілімнің тоқтатылу себебін және шешімнің түпкілікті екенін нақтыламады.

Hopper сериясына H200 чиптері кіреді. Олар күрделі жасанды интеллект модельдерін оқыту және іске қосу үшін қолданылады.

Бұған дейін АҚШ 2022 жылы Қытайға озық чиптер экспорттауға шектеу енгізген. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуден кейін мақұлданған қытайлық тұтынушыларға H200 чиптерін сатуға рұқсат беретінін мәлімдеген. 2026 жылғы қаңтарда Вашингтон экспортқа лицензия беру тәртібін жеңілдетіп, өтінімдерді қауіпсіздік талаптарына сай жеке қарастыруға мүмкіндік жасаған.

Соған қарамастан, Бейжің америкалық технологияларға тәуелділікті азайту мақсатында H200 импортына шектеу қойған. Reuters бұған дейін Гонконгта шамамен 600 мың H200 чипі Қытайға жеткізуді күтіп тұрғанын хабарлаған. Сонымен қатар соңғы айларда Қытайдың бірнеше ірі интернет-компаниясы шамамен 10 мың осындай чип алған.

H200 чиптерін Nvidia үшін Тайваньның TSMC компаниясы өндіреді. АҚШ пен Қытай арасындағы келісім аясында оларды Қытайға жөнелтер алдында АҚШ аумағына әкелу кезінде 25 пайыздық тариф қарастырылған.