Нұржігітов: Әрбір азаматтың өтініші назардан тыс қалмауы тиіс

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірлік геоақпараттық жүйесінің іске асу барысы, орындаушылық тәртіп, азаматтардың арыз-шағымы туралы мәселелер қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аймақ басшысы алдымен ағымдағы жылдың алты айында қалыптасып отырған әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталып, басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.

Кеңестің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабеков баяндама жасады.

Оның айтуынша, өңірлік геоақпараттық жүйесінің дайындығы 100 пайызды құрайды.

Жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға сай барлық базалық ГИС-қабаттар енгізілді, яғни тұрғындар үшін геопорталдың ашық картасына 160 және қызмет бабында пайдалану үшін геопорталдың электрондық кезекші картасына 367 картографиялық деректер әзірленді. Сәулет және қала құрылысы саласына қатысты – 6 және жер қатынастары саласы бойынша – 7, жалпы 13 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, енгізілді,-деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, цифрлық технологиялар басқармасы тарапынан өткен жылы геопорталға деректерді еңгізу және мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша мемлекеттік мекемелердің жауапты қызметкерлеріне оқыту жүргізіліп, тізімі бекітілген. Ауылдық округтерде және Тараз қаласында орналасқан цифрлық ақпараттық орталықтарына геопортал енгізу бойынша, орталық қызметкерлеріне оқыту-семинары ұйымдастырылыған.

Облыс әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесін сұрап, кейбір кемшіліктерді сынға алды.

Бұл мәселені бұған дейін де бірнеше рет қараған болатынбыз. Есеп бергенде, баяндағанда бәрі жақсы, керемет дейсіздер. Бірақ, геопартал әлі өз жұмысын бастаған жоқ. Ол қашан толығымен іске қосылады? Халық қашан оның игілігін, тиімділігін көре бастайды? Тұрғындарға біздің ережеміз, жұмыс барысындағы үдерістер емес, нақты нәтиже керек,-деген Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға бұл тұрғыдағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

Басқарма басшысы ағымдағы жылдың шілде айынан бастап жер учаскелерін автоматты түрде беру электрондық үкімет порталы және бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры ақпараттық жүйесі интеграциялану негізінде атқарылып, өңірлік геоақпараттық жүйелердің де бизнес-процессі жүргізілетіндігін жеткізді.

Өз кезегінде сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Тулеубаев, жер қатынастары басқармасының басшысы Бахтияр Көпбосынов те қысқаша есеп берді.

Облыс әкімі өңірлік геоақпараттық жүйесін картографиялық деректермен толықтыру, жер учаскелерін электрондық түрде беруге көшу, ол үшін инженерлік желілерді цифрландырудың маңыздылығын баса айтты.

Басқосу барысында орындаушылық тәртіп бойынша облыс әкімі аппараты өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің бас инспекторы Болатжан Ақтанбердінің, жеке азаматтардың арыз-шағымы бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхамед Ниязбековтің талдау-есептері тыңдалды.

Орындалмаған тапсырмалар бойынша әр басқарма басшысынан жеке-жеке жауаптар алған аймақ басшысы жұмысқа жаңаша көзқарас қажеттігін тағы бір еске салды.

Сонымен қатар, Нұржан Нұржігітов берілген тапсырмалардың сапалы орындалуын, азаматтарды жеке қабылдай отырып, олардың мәселелерін нәтижелі шешу бойынша жұмыстар жүргізу керектігін, әрбір азаматтың өтініші ескерусіз қалмау қажеттігін ескертті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жамбыл облысы әкімдігінен
Өзгелердің жаңалығы