Нұржан Нұржігітов су қоймаларының қазіргі жағдайы туралы айтты
Су ресурстары және ирригация министрлігі қазір жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, стратегиялық нысандардың қауіпсіздігі қамтамасыз ету, су қоймаларына тасқын суын жинау және оны қауіпсіз өткізу үшін жұмыс істеп жатыр.
Бүгінде еліміздің оңтүстігіндегі су қоймалары суару кезеңіне дайындалып жатыр. Орталық, солтүстік, батыс және шығыс өңірлерде тасқын суын қауіпсіз өткізу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Су қоймаларының жұмыс кестесі туралы Төтенше жағдайлар департаменттері мен жергілікті әкімдіктер сағат сайын хабардар етіледі. Бүгінгі таңда бұл аймақтардағы су қоймалары 40% бос және 22,7 текше шақырым су қабылдай алады, – деді министр Нұржан Нұржігітов.
Мысалы, Ақтөбе су қоймасына екі тәулік ішінде (27-29 наурыз аралығында) су қоймасының жалпы көлемінің 75%-нан астам немесе 200 млн текше метр су түсті. Төтенше жағдайдың алдын алу және халықты уақтылы эвакуациялау үшін су қоймасында ең жоғары деңгейден 15 миллион текше метр артық су жинау туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта Ақтөбе су қоймасындағы су деңгейі тұрақты.
Жедел ден қою мақсатында біз үздіксіз мониторинг жүргіземіз және әкімдіктер мен ТЖД-ны хабардар етеміз. Тобыл-Торғай бассейнінің (Қостанай облысы) ірі су қоймалары тағы 550 млн текше метрден астам су қабылдай алады. Қазіргі уақытта су тасқыны аймақтарында министрліктің 1000-нан астам маманы мен 280-нен астам техника жұмылдырды. Су шаруашылығы нысандарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Су тасқынына қарсы іс-шараларға арналған қор, соның ішінде құм, қиыршық тас, қапшықтар және басқа да қажетті инертті материалдар дайындалды, – деді министр.
Министрлік жанындағы жедел штаб әкімдіктермен өзара тығыз байланыс орнатты. Республикалық меншіктегі барлық гидротехникалық құрылыстарда тасқын суын апатсыз өткізу жөнінде іс-шаралар жоспары мен су қоймаларының жұмыс кестесі бекітілді. Жауапты мекеме қызметкерлері объектілерге тәулік бойы бақылау жүргізеді.
Айта кету керек, министрлік, төтенше жағдайлардың салдарын азайту үшін жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасын реконструкциялауды жоспарлап отыр. Бұл су тасқыны кезінде 75 мыңнан астам халқы бар 60-тан астам ауылдық елдімекенді су басу қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру мерзімі - 2024-2028 жылдар.
Біз су шаруашылығы нысандарының тиісті жай-күйін қамтамасыз ете отырып, еріген қар суын жинауға, сондай-ақ оны қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді саламыз.