18 Шілде 2026, 13:18 Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Нұртөре Жүсіп: «Қоғамды өзгерткің келсе, алдымен өз балаңды тәрбиеле»

Белгілі қоғам қайраткері қазақы амандасу әдебінен бастап жастар тәрбиесіне дейін айтты.

Белгілі қоғам қайраткері, журналист Нұртөре Жүсіп Adyrna порталының подкастында қазақ қоғамындағы амандасу мәдениеті, отбасы тәрбиесі, ұлттық құндылықтар, жастардың дүниетанымы, демография және қазіргі әдебиеттің бағыты туралы ойын ортаға салды. Оның айтуынша, кейін қалыптасқан кейбір әдеттерді қазақтың төл дәстүрі ретінде қабылдауға болмайды. Сондай-ақ қоғамның дамуы әр адамның өз жауапкершілігінен басталатынын айтты.

Қазақы амандасу әдебі қандай болуы керек?

Нұртөре Жүсіп соңғы жылдары кең таралған кейбір амандасу үлгілері қазақтың дәстүрлі әдебіне сәйкес келмейтінін айтты. Оның пікірінше, дастарқан басында отырғандардың бәрімен жеке-жеке қол алысып шығу немесе беттен сүйіп амандасу қазақтың байырғы салтына жат.

Әсіресе ер адамның әйелге бірінші болып қол созып, тығырыққа тіреп, мәжбүрлей амандасуы атам қазақтың әдетінде болмаған. Сосын беттен сүйіп шығу дегенді артық деп ойлаймын, – деді Нұртөре Жүсіп.

Оның айтуынша, амандасу мәдениетіне қатысты бүгінде қалыптасқан кейбір әрекеттерді қазақтың ежелгі дәстүрімен байланыстыру дұрыс емес. Қазақ қоғамында амандасудың өз орны мен әдебі болған, оның негізінде үлкенге құрмет пен өзара сыйластық жатқан.

Қоғам қайраткері дастарқан басындағы қарым-қатынас мәдениетіне де тоқталды. Оның пікірінше, бұл жерде ұлттық дәстүрмен қатар тазалық талаптары да ескерілуі керек.

Кейде азаматтар мән бермеуі мүмкін. Бірақ дастархан басында ас ішіп отырған адамдармен сырттан кіре сала жағалай қол алысуды өз басым құптамаймын. Бұл жерде гигиена мәселесін ұмытпау керек, - дейді ол.

Нұртөре Жүсіптің пайымынша, кейін қалыптасқан әдеттер мен халқымыздың төл мәдениетін бір-бірінен ажырата білу маңызды. Себебі амандасу мәдениетінің түп негізі – әдеп пен сыйластық.

«Біткен іске сыншы болғанша, балаңа дұрыс тәрбие бер»

Қоғам қайраткері сұхбат барысында қоғамдағы көптеген мәселенің түп-тамыры отбасы тәрбиесіне байланысты екенін айтты. Оның пікірінше, еңбекқорлық, адалдық, жауапкершілік пен үлкенді құрметтеу секілді қасиеттер адамның бойына ең алдымен шаңырақта сіңеді.

Нұртөре Жүсіп қоғамдағы кез келген мәселе үшін мемлекетті ғана кінәлау дұрыс емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, әр азамат өз міндетіне адал қарап, қоғамның дамуына үлес қосуы қажет. Саналы қоғам да дәл осындай жауапкершіліктен қалыптасады.

Қазақ ұлтының жауапкершілігі артты

Сұхбат барысында қоғам қайраткері демографиялық өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде қазақ халқының ел ішіндегі үлесі 70 пайыздан асты және бұл үлкен жауапкершілік жүктейді.

Халқымыздың қазіргі үлес пайызы 70%-дан асты. Саясатты да, экономиканы да жасайтын да, соның бәріне жауапты да – қазақ ұлты. Ол – үлкен нәрсе. Біз бізбен қойындас, қолтықтас, мұраттас болып отырған өзге ұлт пен ұлыстың өкілдерінің тағдыры мен өміріне де жауаптымыз. Тұрақтылық, тыныштық, ұлттың ішкі келісімі, мемлекеттің тұрақтылығы, отбасы, салт-дәстүр құндылығы – осылардың негізінде қоғам бірлесіп, бір мақсатқа жұмылып отыр. Ол мақсатты Мемлекет басшысы белгілеп берді, - деді қоғам қайраткері.

Осы ойын жалғастырған Нұртөре Жүсіп қоғамдағы мәселелерді сырттай сынаудан бұрын әр адам өз шаңырағындағы тәрбиеге көңіл бөлуі қажет екенін тағы да айтты. Оның сөзінше, қоғамның сапасы әр азаматтың өз ісіне деген жауапкершілігінен басталады.

«Надандық пен адамдықтың майданы – мәңгілік майдан»

Нұртөре Жүсіп жастар тәрбиесі туралы ойын айта келе, адам өміріндегі ең үлкен күрес адамның өз бойындағы адамдық пен надандықтың арасындағы күрес екенін жеткізді.

Надандық пен адамдықтың майданы – ол мәңгілік майдан. Надандықтың ауылында қалған адам қайтып адамдыққа жолай алмайды. Қылмыс та, көрсеқызарлық та, көреалмастық, сөзуарлық, қолынан іс келмей, ананы сынап-мінеп отыру да надандықтан шығады. Сондықтан адамдықтың жолын ұстану керек. Арың, ұятың, намысыңды аяқ асты етпе, - деді Нұртөре Жүсіп.

Оның пікірінше, жастар өмірлік мақсатын қымбат телефон немесе сәнді көлік алумен ғана шектемеуі керек. Ең маңыздысы – адамдық қасиетті жоғалтпау, ар-ұят пен намысты бәрінен биік қою.

Қоғам қайраткері көрсеқызарлық, көреалмаушылық пен бос сөз адамның надандыққа жетелейтінін айтып, әр жас айналасына, еліне, қоғамына пайдасын тигізетін азамат болуға ұмтылуы қажет екенін жеткізді.

Сонымен бірге ол жастарды сыртқы жылтырға қызықпай, ішкі рухани дүниесін байытуға шақырды. Оның айтуынша, Абай көрсеткен адамдық жол мен иманды күшейту әр жастың басты мұратына айналуы тиіс.

Әдебиет бүгінгі қоғамды жазуы керек

Нұртөре Жүсіп қазіргі қазақ әдебиетінің бағыт-бағдарына да тоқталды. Оның пікірінше, қаламгерлер өткеннің қасіреті мен батырларын ғана жаза бермей, бүгінгі қоғамның тынысын, қала өмірін де шығармаларына арқау етуі қажет.

Біз тек ат үстінде жүрген көшпелі халық емеспіз, сонау Отырар мен Сығанақтан бастап қала салып, мәдениет құрған ұлтпыз. Сондықтан бүгінгі әдебиет артқа қарайлай бермей, жаңа технология заманындағы қала қазағының болмысын жазуға тиіс, - дейді Нұртөре Жүсіп.

Оның пайымынша, әлем әдебиетіндегі секілді қазақ жазушылары да өз замандастарының тағдырын, бүгінгі қоғамның тынысын көбірек жазуы керек. Өткен тарихқа үнемі тамсана беру қазіргі күннің мәселесін шешпейді. Сондықтан қазіргі қалалықтардың күнделікті тіршілігі мен ішкі жан дүниесіндегі арпалыс жаңа дәуір әдебиетінің негізгі тақырыптарының біріне айналуға тиіс.