Нұртөре Жүсіп өңірдегі "Ақтөбе" газетінің ұжымын 100 жылдық мерейтойымен құттықтады

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп өңірдегі «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына арналған мәдени-ғылыми шараға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенатор өз сөзінде газет облыс тұрғындарына 100 жыл бойы маңызды ақпарат көзі болып келе жатқанын айта келіп, оның тарихи және мәдени өмірінің ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

«Ақтөбе» газеті өңірдің мәдени өмірінде маңызды рөл атқарып келеді. Ол ақпарат көзі ғана емес, сонымен қатар өнер мен театрдағы, музыка мен әдебиеттегі оқиғалардың шежіресін жазып келе жатқан беделді басылым. Газет жергілікті авторларға, әртістер мен мәдени бастамаларға белсенді түрде қолдау білдіріп келеді. «Ақтөбе» әрқашан жергілікті билік пен азаматтар арасындағы алтын көпір болды, адамдарға пікір білдіруде, сұрақ қоюда және жауап алуда көмек көрсетуді мақсат етті. Қиын кезеңде, экономикалық дағдарыс немесе табиғи апат болсын, газет ақпарат тарату және халықтың ар-намысын асқақтату арқылы маңызды қолдау көрсетіп келеді, - деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор шара барысында отандық БАҚ-ты қолдау жөніндегі мемлекеттік реформалар туралы да айтты. Ол кейінгі кездегі заң шығару жөніндегі бастамалар мен реформалар ел басшылығының ашық, еркін және әділ медиа ортаны құруға деген ұмтылысын көрсететінін атап өтті.

Нұртөре Жүсіп шара соңында бүкіл қазақстандық қоғамға ерекше мәні бар маңызды миссия жолындағы әріптестеріне шығармашылық және кәсіби табысқа жетуде тілектестігін білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: сенат
Өзгелердің жаңалығы